«КЕЛЕҢСІЗ ЖАҒДАЙЛАР МЕН ЖАТ ҚЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЛУДОМАНИЯ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр сенімнің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес, тіпті көбейіп барады.

Сондықтан бұл мәселемен қоғам болып күресудің маңызы айрықша. Осы орайда, еліміздің әрбір өңірінде аталған түйткілмен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Отырар, Арыс, Ордабасы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қазіргі заманауи әдістер мен тиімді техникаларды қолдану арқылы тәжірибе алмасу және жұмыстарды жүйелендіру мақсатында «Келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу және лудомания» тақырыбында аудан мен қалалардағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ психологтарының тәжірибе алмасу семинары өтті. Семинардың мақсаты — психологтарға әдістемелік көмек беру, аудан, қала психологтарымен тәжірибе алмасу, аутодеструктивті мінез-құлықтың, құқықбұзушылық пен ерте жүктіліктің, ойынқұмарлықтың, нашақорлықтың, зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің алдын-алу.
Көшпелі отырыс Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Көкмардан жалпы білім беретін мектебінде өткізілді. Іс-шараға Түркістан облысы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің аудан, қаладағы жастар орталығының психолог мамандары және мектеп психологтары қатысты. Семинар тренингке қатысушылар жастар мен жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың, ерте жүктіліктің, тәуелділіктің, құқықбұзушылықтың, отбасындағы зорлық зомбылықтың, девиантты мінез құлықтың алдын-алу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ психолог мамандарының қызмет функциясын талдап, құзыреттіліктерін арттыру негізінде әдістемелік көмек көрсету жағдайларын қарастырып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Семинар-тренингте калейдоскоп, арт-терапия әдістері арқылы оқушылардың өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыру, «Өмір — қымбат сый», «Біз-біргеміз!», «Мейірімге толы жүрек», «Қауіпсіз орта», «Сенім менің серігім», «Бақытты бала» тақырыптарында психологтар мектеп оқушыларына семинар-тренинг өтсе, «Балаға жүрек жылуы» атты тақырыпта педагогтармен жұмыс жүргізілді. Шараға арнайы келген Отырар ауданы жастар орталығының басшысы психологтарға өз алғысын жеткізіп, семинар-тренингке қатысушыларға алғыс хаттар табыстады. Отырар ауданына келген психологтар арнайы ауданда орналасқан Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейімен танысты.