ОБЛЫС ӘКІМІ ТЕРІС ӘДЕТТЕРГЕ БЕЙІМ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
Түркістан облысында 2 миллионнан аса тұрғын бар. Соның 654 мыңы – 14-35 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде 150 мыңнан астамы қала жастары болса, 500 мыңға жуық жас ауылда тұрады. Олардың сапалы білім алуы мен тұрақты жұмысқа орналасуы, сонымен қатар өзекті мәселелерін шешу аса маңызды. Осы орайда, жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі жастар саясаты, жас өскінге қолдау көрсету мәселесі талқыланды.
Жиында «Жастарға қолдау көрсету, оларды жан-жақты дамыту, белсенділігін арттыру бағытындағы жоспарды қайта қарап шығуды тапсырамын. Басқа өңірлерді зерттеңіздер, үлкен қалалардың тәжірибесін қараңыздар. Облыста балаларға қатысты зорлық-зомбылық, құқықбұзушылықтар мен келеңсіз оқиғалардың алдын алу керек. Мектеп психологтарымен, сала мамандарымен кеңесіп, нақты алгоритмін бекіту қажет. Қазір көктем, жастардың белсенділігін арттырып, түрлі жұмыстарға тартқан жөн. Бірінші кезекте жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізілсін. Онымен бірге жұмысы бар жастар арасында да лудоманияға және басқа да жаман әдеттерге еріп кеткендер бар. Олармен де жұмыс істеуді тапсырамын. Зерделеп, маған қорытындысын алып келіңіздер» деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар бойынша өткен жылы 310 мыңнан аса жасқа, биыл екі айда 40 мыңнан астам жасқа кеңес берілген. Нәтижесінде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша мыңға жуық жас оқуға түскен. Еліміздің солтүстігі мен орталығында орналасқан жоғарғы оқу орындарында келіссөздер жүргізілген. Бағдарлама аясында былтырғы оқу жылында Сайрам, Келес және Жетісай ауданынан жастар көптеп тартылған. Бұдан бөлек «Жастар практикасы» бойынша 9 мың жас жұмыспен қамтылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша 500-ден астам жас маман жұмысқа орналасқан. Ал жастар кәсіпкерлігін қолдау бойынша 594 жасқа 2,5% көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Бүгінге дейін мыңға жуық өтінім келіп түскен. 15 мыңнан астам жас колледждерге тегін оқуға түсіп, бөлінген грант толық игерілген. Қазіргі таңда NEET санатындағы 58 510 жас бойынша мәліметтер «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Жастарды келеңсіз жағдайдан қорғау мақсатында психо-профилактикалық шаралар, ыстық нүкте бойынша психопрофилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жастарға жеке мәселе бойынша психологиялық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек ауылдар мен елді мекендерде де рейдтік және республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған.