ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ КІМДЕР ТЕГІН ЖҮРЕ АЛАДЫ?

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тұрғындарға барлық жағдайлар жасалып келеді. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету тетіктері тиімді нәтижесін беруде. Жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, белгілі бір санаттарға қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі бар.
Бүгінде қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығы І топтағы мүгедектерге, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгі иегерлеріне, тыл ардагерлеріне, зағип жандарға және олармен бірге жүретін бір адамға берілген. Ал 7-18 жасқа дейін мектеп оқушыларына тарифтің 50 пайызын төлеу жеңілдігі, студенттерге 50 теңге төлеу қарастырылған. Енді бұл тізім қатары тағы да толыға түседі. Тарқата баяндайтын болсақ, мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлікте тегін жүретін санаттағы азаматтар қатарын көбейту туралы шешім қабылдады.
Оған сәйкес, 1 мамырдан бастап қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі жоғарыда аталғандардан бөлек, келесі санаттағы азаматтарға да қолжетімді болады. Олар — Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар, ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым — 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiндегі адамдар, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, 70 жастан асқан зейнеткерлер және оқушылар. Айта кетейік, жолаушылар көлігінің сапасы қала басшысының жіті бақылауында. Бұл қызметті жақсартуға барлық мүмкіндіктер жасалып отыр.