ҚАЗЫЛҒАН КӨШЕЛЕРДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының қарқын алғаны белгілі. Қазіргі уақытта қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерде табиғи газ, сапалы электр жарығы, кәріз мәселелерін шешу мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен дәл осы құрылыс жұмыстарынан кейін кейбір келеңсіз жайттардың орын алатыны белгілі. Мәселен, көп жағдайда қазылған шұңқырлардың орны толық жабылмай қалады. Бұл, өз кезегінде, көлік қозғалысына кері әсер етеді.

Осы орайда, өткен аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте қазылған орындарды ретке келтіру жұмыстары талқыланды. Жиында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов қала аумағындағы қазылған жерлер турасында баяндады. Айтуынша, зерделеу жұмыстары қорытындысымен Абай ауданында 40, Қаратау ауданында 53, Тұран ауданында 8, Еңбекші ауданында 38 қазылған жер анықталды. Яғни мердігер компаниялар құрылыстан кейін бұл орындарды тегістеп кетпеген. Осы орайда, қала әкімі сала басшыларына қазылған аумақтарды қалпына келтірмей, тұрғындарға қолайсыздық туғызған мердігерлерге қатаң шара көруді ескертті. Сонымен қатар аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларының жұмыстарын бағалау қала тазалығымен байланысты екенін жеткізді.
Сонымен қатар жиын барысында Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков саланы дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қала әкімі мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру жүйесін заң талаптарына сәйкес атқару бойынша нақты тапсырмалар берді.