БЫЛТЫР ҚАЗАҚСТАНҒА 2 МЛН-ҒА ЖУЫҚ САЯХАТШЫ КЕЛГЕН
отандық туризм неге тұралап тұр?
Соңғы әлемде болған пандемия қоғам өмірін күрт өзгертті. Сан түрлі саланың қызметін өзгертті. Оның ішінде жұмысы тұралаған туризм де бар. Әйткенмен ауыр дертті еңсерген әлем жұртшылығы қазірде шетел асып, тарихи орындарды тамашалауды, теңіз жағасында демалуды құп көреді. Осының арқасында саланың тамырына қайта қан жүгіре бастады. Осы орайда, бүгінгі материалымызда еліміз бен көрші мемлекеттердің туристік әлеуеті турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Дүниежүзілік туристік ұйым әлемдік туризм биыл пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралады деп болжайды. Экономиканың басқа секторларына қарағанда локдаун мен геосаяси кедергілерден қатты зардап шеккен сала былтыр 2019 жылғы деңгейдің 88 пайызына дейін қалпына келді. Халықаралық салалық ұйымның сарапшылары 2024 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жететініне сенімді. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Бір қызығы, алдағы уақытта Орталық Азия елдері әлемнің туризм картасында жаңа дамушы аймақ ретінде бейнеленуі мүмкін.
Туризм саласына ғана емес, сонымен қатар көлік, қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтандыру салаларына да табыс әкелетін шетелдік қонақтар үшін күресте Қазақстан әлі керемет нәтиже көрсеткен жоқ. Туристік рейтингтердің біріне сүйенсек, былтыр Қазақстан келген туристер саны бойынша әлемнің 202 елі арасында 64-орынға ие болды. «Countrycassette.com» халықаралық интернет басылымның мәліметінше, бір жыл ішінде республикаға 2 млн-ға жуық резидент емес саяхатшы келген. Біздің елдің әлемдік статистикадағы жалпы үлесі — небәрі 0,2 пайыз шамасында. Қазақстан туристерді қонақүйлерде және басқа орналастыру орындарында тұратын адамдардың саны бойынша есептейтінін есте ұстаған жөн. Бұл ретте көршілес елдер басқаша есептейді. Мысалы, Өзбекстан 2023 жылы 6,6 млн қонақ қабылдағандай болды, оның 5,6 млн-ы — туыстарына барған адамдар. Осы әдісті қолданатын болсақ, былтыр Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетел азаматы келген.
Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдеріне келетін туристер санын салыстыру нәтижесі Қырғызстан мен Өзбекстанда туризмнің әлдеқайда жақсы дамығанын көрсетеді. Қырғызстандағы биік таулы көлдердің жағасына және Өзбекстандағы көне мешіттерге Қазақстанға қарағанда үш-төрт есе көп турист келетіні де осыдан. Ал туризмнің көшбасшылары — Франция (бір жылда 117,1 млн турист), Польша (88,5 млн), Мексика (51,1 млн) елдерімен біздің еліміздің көрсеткішін салыстыруға да келмейді. Үкіметтері осы секторға назар аударатын елдерде туристер санының көп болуы экономикалық дамуға пайда әкеледі. Мысалы, Грузияда туризмнің экономикаға қосқан үлесі 20,8 пайыз, Испанияда 13,6 пайыз, Түркияда 11,5 пайыз шамасында. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда аз – жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызы ғана. Бұл — 2022 жылғы деректер. Бұл жағдай туристік орындардың жоқтығынан емес екені сөзсіз. Бізде көрсететін және таң қалдыратын нәрсе бар. Қазақстандағы туризм саласын дамытудағы негізгі кедергілердің қатарында инфрақұрылым, сервис, өңірлердегі қызмет көрсету сапасы, мемлекет тарапынан бұл саланы жеткіліксіз қаржыландыру мәселелері бар. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, былтыр қаңтар-желтоқсанда мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық қамтамасыз ету салаларындағы бюджет шығынының үлесі жалпы шығынның 3,3 пайызын ғана құраған. Яғни шамамен 877,5 млрд теңге бөлінген.
Елімізде дамыған елдердің стандарттары бойынша жоғары сапалы жолдарды, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен қатар елдің туристік брендін сырттан ілгерілету үшін де жеткіліксіз қаражат бөлінуде. Елдің бас бренд-менеджері «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, еліміздегі туристік әлеуетті дамыту және ілгерілету бағдарламаларын қаржыландыру көлемі басқа елдердегі осы мақсаттарға жұмсалатын шығындармен салыстырғанда өте аз. Мәселен, былтыр бұл мақсатта 1,7 млрд теңге бөлінді, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 39,3 пайызға аз. Бұл көрсеткіш те басқа елдермен салыстырғанда төмен күйінде қалып отыр. Былтыр Өзбекстан ел брендін дамытуға және әлемдік медиа арналардағы жарнамаға шамамен 9 млн АҚШ долларын (теңгеге шаққанда — 4 млрд теңге) жұмсады. Грузия бір ғана халықаралық «ITB Berlin» көрмесінде өзінің туристік қызметтерін ілгерілету үшін 37 млн АҚШ долларын төледі. Кіру туризмі бойынша бұл елдерге аз да болса жақындау үшін Қазақстан ең аз дегенде сыртқы маркетингке осыншама қаржы салуы керек. Нақтырағы, мамандар осылай дейді.
Қазақстанның туристік брендін сыртқы таныстыру қажеттілігінен басқа, саланың ішкі мәселелерін шешуде мемлекет алдында көптеген міндеттер тұр. Бұл қызмет көрсету сапасының төмендігі немесе нашар инфрақұрылым түріндегі жоғарыда аталған кедергілер ғана емес, сонымен қатар дамудың ауқымды перспективалық бағыттары да бар. Әңгіме туризм индустриясының инвестициялық тартымдылығы, жаңа орындар мен туристік маршруттарды іздеу, қазақстандық туризмнің маусымдылығының кері әсерін азайту туралы болып отыр. Бұл туралы Туризм индустриясын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған.
Шетелдік туристер арасында Қазақстан өңірлерінің танымалдығы туралы деректерге қарасаңыз, барлығы түсінікті болады. Шетелдік қонақтар өздеріне жағдай жасалған жерлерге барады. Бұл Алматы тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Каспий теңізінің жағалауы және осы сынды орындар. Бес жұлдызды қонақ үй кешендерінің құрылысы мен чартерлік рейстердің ашылуының арқасында Ақтау шетелдіктер үшін танымал бағыттардың біріне айналды. Адамдар халықаралық деңгейдегі қызмет пен демалыстың жоғары стандарттары үшін көп ақша төлеуге дайын. Былтыр қаңтар-шілдеде келген келушілер туралы іріктеу сауалнамасының нәтижесі бойынша, Астана мен Алматы шетелден келген қонақтарды қабылдау бойынша жетекші өңірлер қатарында болды. Оларға респонденттердің 17,3 және 16,2 пайызы келген. Ақмола 6,8 пайызбен, Маңғыстау 5,7 пайызбен және Шығыс Қазақстан облысы 5,5 пайызбен танымал бағыттар қатарына еніп отыр.