КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент – оңтүстік пен солтүстіктің, батыс пен шығыстың түйіскен тұсында орналасқан еліміздегі ірі қалалардың бірі. Сәйкесінше, қалада шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Осы бағытта бүгінде инвестиция тартуға басымдық беріліп келеді. Бұл ғана емес, шаһардың шет елдермен де байланысы арта түсуде. Осы тұста толығырақ тарқатайық…

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Франция консулы Фабрис Невемен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде білім, медицина, мәдениет, туризм салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Қала басшысы мәртебелі мейманның сапары Франциямен экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Өз сөзінде «Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі және экономикалық дамыған қалалардың бірі. Ұлы Жібек жолының дәл ортасында орналасқан. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі — қаламызды өмір сүруге ғана емес, бизнес жүргізуге де қолайлы заманауи мегаполиске айналдыру. Инвестицияларды тарту — маңызды бағыттардың бірі. Біз француз серіктестерімен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Бүгінде мемлекет инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауда, инвестицияны қолдау шараларын жетілдіруде. Мен француз компанияларын бірлескен жобаларға инвестиция салуға шақырамын» деді Ғабит Сыздықбеков.
Өз кезегінде Фабрис Неве Қазақстан экономикасының жетістіктерін, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы тауар айналымының айтарлықтай артқанын жоғары бағалады. Консул қаладағы ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ биыл мамыр айында француз делегациясының қалаға келіп, тараптардың болашақ жобаларды жүзеге асыру жолдарын талқылайтынына тоқталды.