ШЫМКЕНТТЕ НАУРЫЗНАМА ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР ӨТТІ

Биыл елімізде наурыз мейрамы ауқымды түрде аталып өтті. Нақтырағы, 14 наурызда Қазақстанда «Наурызнама» мерекелік декадасы басталып, 23-не дейін жалғасты. Жаңа қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, «Наурызнаманың» әр күні жекелеген тақырыптар мен құндылықтарға бөлінген. Жеке-жеке аталып өтілетін әр күннің мән-мағынасы қазақ халқының, Қазақстан қоғамының мәдениеті мен дәстүр-салтын, әдет-ғұрпы мен қоғамдық құндылықтарын айшықтайды. Осы орайда, Шымкентте аталған бастама аясында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Тарқатайық…

14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Бұл күні Шымкентте «Көрісу – жаңа өмір, жаңа күн» атты іс-шара өтті. Нақтырақ айтсақ, көрісу іс-шарасы «Арбат» демалыс аймағы, «Абай» саябағы және «Астана» алаңында бастау алып, Орыс драма театрының ғимараты алдына дейін сән-салтанатымен жетті. Театр алдында ұлттық ойындар көрсетіліп, қойылым театр залында мерекелік концертке ұласты. Шара аясында мәдениет саласының мамандары ата дәстүрді жаңғыртып, шаһардың орталық алаңында құшақ жайып, қауышты. Наурыз тойын жақындата түскен Көрісу мерекесімен құттықтап, ақ жаулықты аналарымыз тілегін жаудырса, ел ағалары батасын берді. Өнерпаздар қазақтың ән-күйінен шашу шашып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

15 наурыз – «Қайырымдылық күні» аясында бөбектер үйінде «Наурыз – мерекем, Наурыз — берекем» атты іс-шара өтті. Салтанатты жиынға қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, мекеме демеушілері мен кәсіпкерлер қатысты. Мерекелік кеш кезінде бөбектер үйіндегі тәй-тәй басып келе жатқан бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсімі өткізілді. Қайырымдылық шарасында балаларға сыйлықтар тарту етіліп, мерекелік дастарқанда наурыз көже берілді. Кеш соңында балалар қонақтарға ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қайырымды жандардың демеушілігімен ардагерлерге мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламада №65 мектеп гимназиясының оқушылары мен М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттері өнер көрсетті. Салтанатты іс-шарада ән шырқалып, күй орындалды. Мерекелік кеш соңында «Кәусар» шайханасы ардагерлерге арнап қайырымдылық дастарқанын жайды. Ал қазыналы қариялар өнер көрсеткен жастар мен демеушілерге ризашылықтарын білдірді.

16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай, қаладағы «Наурыз» алаңында «Шуақ шашқан әз-Наурыз» іс-шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қазыналы қариялар, ақ жаулықты аналар, дәстүр жанашырлары, 6506 әскери бөлімінің сарбаздары және қала тұрғындары қатысты. Көрермендерге арнап Шымкент қалалық Мәдениет үйі, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен өзге де мәдениет мекемелерінің өнерпаздары өнер көрсетті. Салтанатты жиында «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бұрымын өру», «Қыз ұзату» және «Беташар» ғұрыптарынан музыкалық-театрландырылған көріністер қойылды. Мерекелік кеш соңында алаңға жиналған қауым Тілеу көжеден дәм татып, ғұрып-салттарымыздың шығу тарихы мен мән-мазмұны айшықталған іс-шарадан рухани сусындап қайтты.

17 наурыз – «Шаңырақ» күніне орай, қаладағы перзентханаларда жаңа туған нәрестелердің аналарына құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қатысып, жаңадан босанған аналарға «Наурыз базарлық» естелік кәдесыйларын табыстады. Шара барысында «Наурызды тойлау бүгін «Шаңырақ» күнімен жалғасуда. Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүние есігін ашады. Міне соның арқасында біздің қаламыз еліміздің дамуына ерекше үлес қосып отыр деп айта аламын. Мемлекет басшысы, үкіметімізде біздің халықтың санының молаюына ерекше мән беріп, қолайлы жағдай жасап отыр» деп атап өтті Сәрсен Абайұлы.

18 наурыз – «Ұлттық киім күнінде» ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген дизайнерлердің еңбегін халыққа кеңінен таныту мақсатында «Көрме» орталығында 3 номинация бойынша дефиле көрсетілді. Онда дизайнерлердің балалар мен жасөспірімдер топтамалары, күнделікті және жұмысқа арналған киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Көрсетілімге 10-нан аса дизайнер қатысты. Бұл ғана емес, дәл осы күні өткен түрлі ресми шаралар мен жиындарда әкімдік қызметкерлері ұлттық киіммен бой көрсетіп, күннің маңызын арттыра түсті.

19 наурыз – «Жаңару күніне» орай, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен А.Асқаров атындағы дендросаябақта көшет егу дәстүрі ұйымдастырылды. «Наурыз – жаңару жаршысы» атты іс-шарада сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. Ағаш егу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ақ батасын берді. Мерекелік игі іске Шымкент қаласының мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов және халық қалаулылары арнайы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері белсенділік танытты. Бұл ретте ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік төрағаларынан бөлек, қоғамдық құрылым мүшелері де үлес қосты.

20 наурыз – «Ұлттық спорт күнінде» Атшабарда қала әкімінің қатысуымен ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар өтті. Іс-шара рухты ән шашумен басталып, қыздар арасындағы конкурдан ашық турнирге ұласты. Сәйгүлікті тізгіндеп, кедергілерден секіріп өткен арулар сайыстың көркін келтірді. Екінші кезекте ат жалында желпініп өскен саңлақтар теңге ілу жарысында бақ сынады. Ал білекті жігіттер аударыспақ ойынында өз өнерлерін ортаға салды. Одан кейін бекзат өнерімізді жанына серік еткен көкпаршылар аламанға шықты. Бұл додада «Адырна» мен «Арғымақ» командалары сайысқа түсіп, тартысты өткен бәсекеде 6:5 есебімен адырналықтардың мерейі үстем болды. Мерекелік шарада ұлттық ойынның бірі қыз қуу көрермендерді тәнті етті. Жарыс барысында жігіт қызды қуып жетіп, иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алса, кейде бұрылыстан соң қамшы астында қалып жатты. Ары қарай бәсеке еліміздің көне жауынгерлік ойыны жамбы атумен жалғасты. Ат құлағында ойнаған ұл-қыздар жүйрік тұлпармен шауып бара жатып, белгіленген нысананы көздеді. Осы арада дәстүрлі садақ жарысы ұйымдастырылып, хас шеберлік танытқан мергендер өнерлерін көрсетті. Сайыс соңында көрермендер асыға күткен бәйге жарысы болды. Жүйріктер жеті айналым шауып өтіп, межелі 14 шақырымды бағындырды. Бұл додада бабы мен бағы қатар шапқан «Бегімай» атты арғымақ оқ бойы озық келді.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күніне орай, 21-22 наурыз аралығында қаладағы барлық ірі сауда орталықтары мен супермаркеттер желісінде жеңілдіктер қарастырылды. Яғни 25 сауда нысанында акциялар өткізіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 50 пайызға дейінгі жеңілдіктер берілді. Атап айтқанда, «Shymkent Plaza», «Diamond Plaza», «Mega Planet», «Hyper House», «Shymkent City Mall», «Наурыз Парк», «Тұран», «Гранд Парк Шымкент», «Береке», «Rahima Plaza», «Dur Plaza», ОӘД (ЦУМ), «Sulpak», «Мечта», «Эврика», «Магнум» және «GrаMad» сауда орталықтары мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды.

22 наурызда Астана алаңында өткен мерекелік думан музыкалық-театрландырылған қойылыммен басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ұлыстың ұлы күніне арналған іс-шараға қатысып, халықты Әз-Наурызбен құттықтады. Қонақтар «Қазына», «Қаракөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері мен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры актерлерінің композициясын тамашалап, әуелеген халық әндерін тыңдады. Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері — ҚР мәдениет қайраткері Үрәлхан Сейілбекова, Жұлдызай Мұсаева, Салтанат Жұмадилова әннен шашу шашып, көпшілікті мерекелік көңіл күйге бөледі. Жергілікті өнерпаздардың мерекелік концерті Әз-Наурыз мейрамын айшықтай түсті. Сондай-ақ қала тұрғындары цирк әртістерінің, аниматор, мультфильм кейіпкерлерінің бағдарламаларын және қуыршақтар шеруін тамашалады. Мерекеге тұрғындар мен қонақтар да атсалысып, ұлттық спорт ойындарынан бәсекеге түсті. Бұл күні бес ауданда да Наурыз мейрамының іс-шаралары ұйымдастырылды. Қала басшысы әр ауданға арнайы барып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Халық бір-бірімен көрісіп, ақшаңқай киіз үйлерде Наурыз көже мен арнайы дастарқаннан дәм татты.

23 наурыз – «Тазару» күнінде қала тазалығына жауапты коммуналдық мекемелер аудандарда күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізді. Жалпы осы бағыттағы жұмыстарға 3 мыңға жуық қызметкер қатысып, 100-ге жуық техника тартылды. Тазалық жұмыстары Қаратау ауданында тіпті, түн мезгілінде басталды. Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған аумақтар қоқыстан тазартылып, жұмыстар Бәйдібек би, Тауке хан даңғылдарында, Түркістан, Арғынбеков, Сайрам көшелерінде жалғасты. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында, аялдамаларда, ирригациялық жүйелерде тазалық шаралары атқарылып, қураған жасыл желектер ретке келтірілді. Қорыта айтқанда, биыл Наурыз мерекесі үшінші мегаполисте ауқымды түрде аталып өтті. Тарихы мыңжылдықтарға созылатын мерекеде ұлттық дәстүр ұлықталды. Ұлттық ойындар көрсетілді. Ұлттық киімнің маңызы арта түсті…