ШЫМКЕНТ: ҚАУІПТІ АУРУЛАРМЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Қоғамда вакцинадан бас тартушылар көбейсе ұжымдық иммунитет төмендейді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшының орынбасары Айгүл Тұрымбетова айтты.

Өз сөзінде «Қалада күн сайын тұрғындар арасында қызылша аурушаңдығының таралуы белең алып, өршуде. Эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Себебі соңғы үш жылда коронавирустан пандемия болғалы халық арасында қызылша мен қызамыққа қарсы егу төмендеуіне орай біршама адамдардың иммунитеттері төмен болуы мүмкін. Қызылша 20 вакцинамен басқарылатын және бұғатталатын инфекциялар қатарына жатады. Қоғамда егілмегендер мен вакцинадан бас тартушылар көбейсе, ұжымдық иммунитет төмендейді, сондай-ақ қоршаған ортада қызылшаның вирусы күшейіп, ауру өрши бастайды. Сондықтан қырағылық танытып, халық арасында қызылшаның алдын алудың бірден-бір жолы – вакцинациялау екендігін түсінген жөн. Қызылша – ауамен тез таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұл жұқпаның адам ағзасына келтіретін зардабы орасан, сондықтан қызылша ауруының белгілері мен алдын-алу іс-шараларын еске саламыз» деді Айгүл Мелесқызы.
2021-2022 жылдары Шымкент қаласында қызылша ауруы тіркелмеген. Оған себеп ковидтен пандемия кезінде, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы аз болды. 2023 жылдың басынан күні бүгінге дейін Шымкент қаласында қызылша ауруы 3021 расталған диагнозымен тіркелді. Ауырғандардың ішінде 2568 жағдай, яғни 84,9%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде егілмеген балалар саны 2683, пайыздық өлшеммен 88,8%-ды құрап отыр. Барлық ұйымдасқан ошақтарға тергеп-тексеру жүргізіліп, қаулылар шығарылды. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 2023 жылдың 10 айында қала бойынша қызылша, қызамық, эпидпаратитке қарсы жоспарлы екпенің 1-компонентін 12-15 айлық 25356 бала және 2-компонентін 6 жастағы 24029 бала алған. Оптималды көрсеткіш 81-83 аралығында.
Осы орайда, вакцинаға қарсылық танытатындардың барын ұмытпауымыз керек. Олардың бірқатары дінді алға тартады. Әйтсе де ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Бұл туралы Шымкент қаласының Бас имамы Абдрахманов Бақдаулет Нұрматұлы баспасөз мәжілісінде айтып өтті. Оның айтуынша, ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Өз сөзін «Вакциналау – белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылатын әдіс. Ол адам организміне арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы жүзеге асады. Вакциналау арқылы көптеген сырқаттардан сақтануға болады. Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел «Кімде-кім таңертең әжуа құрмасының жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны тимейді» (Бұхари). Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік» деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық» деді Бақдаулет Нұрматұлы.
Сонымен қатар бас имам вакциналауға қатысты қандай шарттарға мән беру қажеттігі мен шариғат және пәтуа бөлімінің үкіміне тоқталды. Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асу керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі.
Бас имамның мәлімдеуінше, вакцина адамның денсаулығына зиян келтіріп, оның ауруын асқындырып немесе мүгедек етіп қоймауы тиіс. Ислам діні әрқашан зиянды нәрседен аулақ болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өзіңе де, өзгеге де зиян беруге болмайды» (Ахмад ибн Ханбал) деп айтқан. Сондықтан вакциналау денсаулыққа зиянды болса немесе пайдасынан зияны көбірек болса, онда емделудің басқа жолын қарастыру қажет.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі шығарған үкімге келсек, біріншіден, аурудың алдын алу мақсатында вакциналау – мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс. Екіншіден, қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алуы қажет болады. Үшіншіден, қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуы тиіс. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.
Бұдан бөлек, баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы «2023 жылдың 16 қарашасынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға жаппай иммундау басталды. Жаппай иммундауға 6 айдан бастап 11 ай 29 күнге дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері жатады» деп атап өтті. Қызылшаға жаппай иммундау жергілікті емханаларда тегін жүргізіледі. Иммундау процесін өткізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылды және 49 көшпелі егу бригадасы жасақталды. Бүгінде жоспарлы вакцинация жалғасуда. 15 желтоқсанда вакцинаның қосымша жеткізілімі келеді. Бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша 2018 жылы – 8 жағдай, 2019 жылы – 3091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай тіркелсе, 2021 және 2022 жылдары қала бойынша қызылша ауруы тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 194 пациент, оның ішінде 29 ересек, 165 бала стационарлық ем алуда, науқастардың жағдайлары тұрақты. 2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктенудің 6641 жағдайы тіркелді. 3021 жағдайда диагноз расталды. Бұл жалпы көрсеткіштің 42,2%-ын құрайды. Науқастардың 84 пайызы балалар болса, олардың 88 пайыздан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Шымкент қаласының тұрғындары арасында қызылшаның таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, қызылша таралуының алдын алу бойынша 2023 жылғы 1 қыркүйекте арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Шымкент қаласында қызылшаның одан әрі таралуын азайту және алдын алу бойынша қалалық штаб құрылды. Бүгінгі күнге дейін штабтың 10 отырысы өткізілді. Шымкентте эпидемиологиялық ахуалды, қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуын күнделікті мониторингтеу және бағалау қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігі бас инфекционистерінің қатысуымен қызылша, қызылшаға қарсы вакцинация бойынша іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін оқыту бойынша 7 семинар өткізілді. Тамыз айында Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілінің, Қазақстанның 7 облысынан келген эпидемиологтардың, Денсаулық сақтау министрлігі, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген эпидемиологтардың қатысуымен қызылшаның таралу қаупін бағалау бойынша халықаралық тренинг өткізілді. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры қызылшамен ауыратын науқастарды ауруханаға жатқызу үшін 120-дан 240 төсекке дейін ұлғайтылды. Қажет болған жағдайда, гипербариялық оттегімен қанықтыру орталығының базасында карантиндік емес инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдау үшін 60 төсек ашу мәселесі қосымша пысықталды. Практикалық көмек көрсету мақсатында ЖББ қабылдау бөлімшесінде кезекші дәрігерлер саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар пациенттерді қабылдауға күн сайын қаланың емханаларынан 2 дәрігер қатысады. Балаларды жоспарлы вакцинациялау жүргізілуде. Сонымен қатар қызылшамен ауырғандар санының өсуіне байланысты халыққа қызылшаға қарсы міндетті вакцинациялау қажеттігін түсіндіру үшін 15 774 ақпараттық-түсіндіру, әңгімелесу, діни қоғам өкілдерінің қатысуымен 675 дөңгелек үстел, 18 430 аула аралау өткізілді. Бұдан басқа, «Шымкент қаласында қызылша бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттырудың кейбір мәселелері туралы» Денсаулық сақтау басқармасының №268 бұйрығы шығарылды.
Жалпы вакциналау жұмыстарына ойыссақ, қалыпты жағдайда егуден кейін әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, вакцина егілген жерде болмашы ауыру және гиперемия байқалатын әлсіз реакция пайда болуы мүмкін. Қызылша мен қызамыққа қарсы вакциналар аз реакция береді, сол себепті реакция өте сирек кездеседі. Көбінесе вакцинациядан кейін 5-12 күндері өткеннен кейін аурудың жеңіл нұсқасы сияқты синдроммен байқалады. Яғни дене температурасының аздап көтеріліп, ұсақ дақ-папулезді бөртпелер шығады. Барлық осы құбылыстар вакцина енгізгендіктен қалыпты егу реакциясы болып саналады және 1-2 күн ішінде өтіп кетеді.
Баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласында атқарылған өзге де жұмыстар барысы сөз болды. Тарқатар болсақ, үшінші мегаполисте дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні науқаны аясында ЖИТС орталығының мамандары халық шоғырланған орындарда, атап айтқанда халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Жастар ресурстық орталықтарында, жоғары және орта оқу орындарында, әуежай мен темір жол вокзалында, әскери бөлімдерде профилактикалық іс-шаралар өткізілген. Жедел-тест әдісімен 2000 адам АИТВ-ға тексерілді. Қалалық емханаларда ЖИТС-пен күрес күніне арналған ашық есік күні ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. Ал АИТВ-инфекциясын емдеу сапалы, сертификатталған антиретровирусты препараттармен жүргізілуде. 2023 жылы «СК-Фармация» ЖШС тарапынан АРВ препараттар жеткізілді. АИТВ-ға тексеру заманауи, 4 ұрпақты тесттермен жүргізіледі, емдеу барысында сапалы, сертификатталған дәрілік заттар қолданылады.
Айта кету керек, дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні 1 желтоқсанда атап өтіледі. Бұл күнді алғаш рет 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады. Биылғы жылы Қазақстанда Дүниежүзілік кампания аясында 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында ЮНЭЙДС ұсынған «Көшбасшылық – Қауымдастықтарға!» тақырыбында онкүндік өткізу жоспарлануда. 2023 жылы өтілетін кампания ЖИТС-ке қарсы әрекет етуде жергілікті қоғамдастық басшылығының әлеуетін толық іске асыру үшін АИТВ-ға қарсы әрекет ету бойынша барлық жоспарлар мен бағдарламаларда қауымдастықтың рөлін бекіту қажет екеніне бағытталған.
Бүгінгі таңда АИТВ-мен өмір сүретін 1676 адам антиретровирустық терапияны қабылдауда. Антиретровирусты терапияның қолжетімділігін кеңейтудің арқасында АИТВ инфекциясымен науқастану және өлім-жітім азайып, АРТ қабылдаушылардан вирус жұғу қаупі төмендеді. АИТВ-ға тестілеу — өзінің статусын білуге және терапияны алуға мүмкіндік береді. АИТВ инфекциясына тестілеу және емделу тегін жүргізіледі. Қабылданған шаралар жүкті әйелдерде АИТВ-ны дер кезінде анықтауға және көп жағдайда инфекцияның анадан балаға жұғуына жол бермеуге көмектеседі.
Бүгінгі таңда алдын алу іс-шараларымен медицина қызметкерлері, студенттер мен оқытушылар, бизнес-құрылымдар ғана емес өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупіне ұшыраған халықтың негізгі топтары да қамтылуда. Шымкент қаласындағы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың иммунитетінің жағдайын анықтауға, сондай-ақ антиретровирустық терапияның тиімділігін бақылауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі анализатормен жабдықталған, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған соңғы 4-буын сынақтарымен жұмыс істейді. Ол АИТВ-ны қанда ғана емес, сілекей сұйықтығында да анықтауға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, қауіпті аурумен күрес шаралары үшінші мегаполисте қарқынды жүргізіліп жатыр. Басты міндет – халықты жұқпалы аурулардан қорғау.