ТҰРҒЫНДАРДЫ АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ЖУЫҚ АРАДА ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Елімізде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асып келеді. Қазіргі уақытта еліміздің әрбір өңірінде аймақ әкімдері халыққа есеп беру жиынын өткізіп, атқарылған және қолға алынатын бастамалар жайын түсіндіріп жатыр. Бұл ғана емес, азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, талап-арыздарына құлақ асуда. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жүзеге асып жатқан жемісті жұмыс көп. Мәселен, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың тілегі мен қауіпсіздігін ескеріп, мәселелермен арнайы барып танысты.
Ең алдымен, Тұран-2 шағынауданындағы жедел сатысы істен шығып, тұрғындарды алаңдатқан №40А үйінің жағдайын бақылады. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталып, 2021 жылдың 2-жартыжылдығында ел игілігіне берілген. Жеделсаты өндірістік қауіпсіздік сынағынан өткізіліп, қолданысқа тапсырылған. Түркияда шығарылған жеделсаты 1000 келіге дейін жүк көтеруге қауқарлы болған. Қазіргі уақытта лифт қондырғысы тоқтатылып, тиісті басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, құрылғының іске қосылуы арнайы комиссияның шешімімен қабылданады. Қала басшысы жауаптыларға жеделсатыны тез арада қалпына келтіру бойынша тапсырма берді.
Екінші кезекте қала әкімі Жандосов көшесінің тұрғындары дабыл қаққан мәселеге көңіл аударды. Кәсіпкер Жандосов көшесі №29/1А мекенжайында халық қатынайтын жолды жауып, айналасын қоршауға кіріскен. Мемлекеттік жер кадастрынан алынған мәліметке сәйкес, 2004 жылы 0,0638 гектар жер учаскесіне дүкенді жобалау және салу мақсатында қаулы шығарылған. Алайда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленгенімен, жобасы келісілмеген. Ал 2014 жылы сатып-алу келісімшарты негізінде жекеменшікке рәсімделген. Мәселемен танысқан қала басшысы тұрғындар қатынайтын жол жабылмайтынын нақты айтты. Сондай-ақ жауаптыларға жағдайды назарға алып, мәселені заң аясында шешуді жүктеді.