ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР СПАРТАКИАДАДА ТОП ЖАРДЫ

Шымкент қаласында спорт саласының дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Күні бүгінге дейін қала аумағындағы бірқатар спорттық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық база жаңарып, спортшылардың жан-жақты жаттығуына оң ықпал етіп келеді. Осының арқасында шымкенттік өрендер түрлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жатыр.

Мәселен, жуырда Астанада таэквондодан республикалық VI жазғы Спартакиада өз мәресіне жетті. Үш күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 179 спортшы бәсекеге түсті. Жарысқа 113 ер, 76 бұрымды қатысты. Бәсі биік бәсекеде еліміздің спортшылары 16 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Республикалық сайыста жергілікті таэквондошылар үшінші мегаполис намысын қорғап, биік тұғырдан көрінді. Ерлер арасында Абдурахман Марипов пен Абабакиров Самирхон 1-орын, Қожахмет Нұрқанат 2-орын, Бегзод Кадиркулов, Жавохирхон Исламов және Дүйсебай Смайыл 3-орын алды. Әйелдер арасында Феруза Ергешова 2-орынды иеленсе, Ясмина Нарбаева 3-орынды қанжығалады. Жазғы спартакиада төрт жыл сайын өтеді.