ЕЛ САУЛЫҒЫН КӨЗДЕЙТІН ТЫҢ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСТЫ
Соңғы уақытта әлемде орын алған оқиғалар медицина саласын дамытудың маңызы айрықша екенін аңғартты. Сондықтан да алды әлем алпауыттарынан бастап дамушы елдерге дейін медицина саласын дамытуға қыруар қаржы бөліп келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жасалған жұмыстар аз емес. Осының арқасында қол жеткізген нәтижелеріміз аз емес…
Елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығының деңгейі 74,4 жасқа жетті. Өмір сүру ұзақтығының өсуіне экономиканың дамуы, әлеуметтік жағдайы, халықтың саламатты өмір салтын ұстануы сияқты факторлар әсер етеді. Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда, қалада амбулаторлық деңгейде 53 медициналық ұйым қызмет атқарады. Оның 14-і — мемлекеттік емхана және 39-ы — жекеменшік медициналық ұйым.
Соңғы үш жылда шаһарда жаңадан 17 жаңа емхана ашылып, медициналық қызмет көрсетудің сапасы жақсарды және тұрғындар үшін дәрігерлік көмек алудың қолжетімділігі артты. Биыл қаладағы 4 емхана базасында ашылған «Үздік тәжірибелер орталығы» халық пен дәрігерлердің арасындағы байланысты күшейтті. Скрингтік тексерулер – аурудың алдын алудың бірден бір жолы десек, бұл өлім-жітімге соқтыратын қауіпті аурулардың алдын алуда маңызы өте жоғары.
2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қаладағы медициналық ұйымдардағы скринингтік зерттеулер өз деңгейінде орындалып келеді. Айталық, қан айналым жүйесінің аурулары бойынша 97,3%-ға, қант диабеті бойынша 99%-ға, глаукома бойынша 99,9%-ға, жатыр мойны обыры бойынша 93,7%-ға, сүт безі обыры бойынша 91,6%-ға, тоқ ішек бойынша 93,5%-ға орындалған.