МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МІНДЕТІ – ЗОР, ЖАУАПКЕРШІЛІГІ — ҮЛКЕН
Мемлекеттік қызмет саласының қоғам өміріндені маңызы жоғары, міндеті зор. Сондықтан да аталған салаға ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. Бұл ғана емес мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы беделін биіктететін бірқатар бастамалар қолға алынып, сәтті жүзеге асуда. Жалпы қазіргі заман әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік артып отыр. Осы орайда, мемлекеттік қызметші де уақыт қойып отырған талаптарға жауап бере алуы керек. Мұның баршасын тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ.
Жуырда Шымкент қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл жұмыс сапарымен келді. Ректор әуелі Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалында болып, мұндағы жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет мұражайының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аталған шарадан соң қалалық жастар ресурстық орталығында өткен «Қоғамдағы жастардың рөлі» тақырыбындағы жастармен кездесуге де қатысып, өз ойын ортаға салды. Жастармен пікір алмасты. Өз сөзінде «Соңғы жылдары Президеніміздің бастамасымен мемлекеттік қызмет саласында жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Президент жанындағы Жастар кадрлық резервінің жасақталуы — басқару жүйесіне жас, талантты, білімді әрі ізденімпаз жастардың келуіне жол ашты. Мемлекеттік қызмет саласына ашықтық пен жариялылық және меритократия қағидалары батыл енгізіліп жатыр. Сондай-ақ салаға факторлы-балдық шкала негізінде бағалау жүйесінің енгізілуі де мемлекеттік қызметшілердің нәтижелі еңбек етуге деген ынтасын арттырғанын да атап өткен жөн. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде елімізде жастардың мемлекеттік қызметке келуіне, олардың өз білімі мен біліктілігін арттыру арқылы қызметте сатылап өсіп, табысқа жетуіне қолайлы жағдай жасалып отыр» деді ректор.
Ерлан Қуанышұлының айтуынша, мемлекеттік қызметте барып, еліме қызмет етемін деген жастар үшін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мол мүмкіндіктер ұсынады. Бұл академия мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесіндегі басты оқу орны ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын даярлаумен айналысатын бірден бір орталыққа айналған. Ол мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыруда және одан әрі дамытуда өз үлесін қосып келеді. Жиынға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Бахтияр Өнербаев та қатысты. Басқарма басшысы мемлекеттік кадр саясатының және тұтастай алғанда басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мен мемлекеттік органдар жұмысының сапасын көтеруде мемлекеттік қызметшілерді аймақтық деңгейде оқытудың маңызы зор екенін атап өтті. Бүгінде Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы да осы бағытта нәтижелі қызмет атқарып жатыр.