АҚ ХАЛАТТЫЛАР ТҮРКИЯДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСЫП ҚАЙТТЫ

Бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп келеді. Сәйкесінше, қоғамның сан түрлі саласы да дамып барады. Осы орайда, әлеумет арасындағы маңызы саланың бірі медицина екені айтпаса да белгілі. Өйткені адамзат баласы соңғы уақытта әлемді шарпыған қауіпті аурудан кейін саулығына айрықша көңіл бөле бастады. Көптеген елдер де денсаулық сақтау ісіне ірі көлемде қаржы құйып, ақ халаттылардың тәжірибесін арттыруға айрықша назар аударуда.

Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Күні бүгінге дейін қала аумағындағы бірқатар медицина мекемелерінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық база жақсарып, қызмет көрсету сапасы артты. Осының арқасында қол жеткен жетістіктер аз емес. Жүйелі жұмыстар мұнымен шектелмейді. Бүгінде ақ халаттылардың тәжірибесін арттыру мақсатында шетелде тәжірибе алмасу процесі де жиілеген. Мәселен, жуырда шымкенттік акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, реабилитологтар, гематологтар, онкогематологтар, хирургтер, урологтар, травматологтар, неврологтар, эндокринологтар, кардиологтар мен онкохирургтер сынды бейінді мамандар Түркияда ұйымдастырылған біліктілікті арттыру бағытындағы кешенді шараларға қатысып қайтты.
Бұған дейін, шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатында қалалық денсаулық сақтау басқармасы Түркия мемлекетінің алдыңғы қатарлы мамандандырылған «Acibadem Healthcare Group Hospitals/ Acibadem University» орталығымен келісімшарт жасаған болатын. Ортақ келісім негізінде 32 медицина қызметкері аталған елге барып, біліктілігін арттырды. Дәрігерлер тәжірибе алмасу барысында кәсіби дағдыларын жетілдіріп, түрлі тақырыпта дәрістер тыңдады. Сондай-ақ аталған университеттің семинарлары мен шеберлік сабақтарына қатысты. Хирургиядағы теориялық және практикалық жаңа әдістерді үйреніп, озық технологияға негізделген операция түрлерін меңгерді.

Ж.БАЛАУСА.