МҰНАЙ ӨНІМДЕРІН ТҰТЫНУ КӨЛЕМІ АРТЫП БАРАДЫ: ШЕШІМ ҚАНДАЙ?

Халық санының өсуімен, экономиканың ілгерілеуімен мұнай өнімдеріне деген сұраныс арта береді. Мәселен, маркетингтік зерттеуге сәйкес, Қазақстанда мұнай өнімдерін тұтыну көлемі 2035 жылға қарай жылына 18,5 млн тоннаға дейін өседі. Бұл қазіргі көрсеткіштен 28 пайызға жоғары. Бұл ретте өсудің озық қарқыны Қазақстанның оңтүстік өңірінде шоғырланған. Осы орайда, Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейтуге қатысты техикалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Осы тұста толығырақ тарқатайық…

Жуырда ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәжілісте Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасының мәселелері талқыланды. Жиында зауытты ұлғайтуға бағытталған Жол картасын жүзеге асыру тетіктері мен өзекті мәселелер қаралды. Мәжілісте қала әкімі зауытты кеңейту жобасын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарға тоқталды. Өз сөзінде «Шымкент мұнай өңдеу зауыты – еліміздегі жетекші 3 кәсіпорынның бірі. Үкімет аталған зауыттың жылдық қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Энергетика министрлігі мен кәсіпорын басшылары Қытай еліне іссапарға барып, өндірістік қуатты ұлғайту бойынша CNPC стратегиялық әріптестерімен бірлескен жұмыс туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығы ескеріліп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Осы орайда әкімдік пен кәсіпорын мамандары бірлесіп, мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасын жүзеге асыру бойынша Жол картасын талқылап, әзірледік. Жол картасының орындалу барысы жеке бақылауымда болады» деді қала басшысы.
Жиында зауытты кеңейтуге бағытталған Жол картасын тиімді жүзеге асыруда кешенді жоспар пысықталды. Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген сұраныс турасында айта келе «Маркетингтік зерттеулерге сәйкес, ең тиімді шешім — Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту. Осыған байланысты қазіргі уақытта жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту туралы шешім қабылданған жағдайда, ішкі нарыққа жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту туралы мәселе пысықталатын болады» деп атап өткен болатын.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.