СОЗАҚТА 25 АЗАМАТ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Созақ ауданы әкімдігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының алтыншы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындардың қатысуымен жиын өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды ашып, жүргізіп отырды. Аталған шараға Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары Самат Жандарұлы арнайы келіп қатысып, облыс бойынша ауыл халқының табысын арттыру үшін мемлекеттік жеңілдетілген несиелердің алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды жиналыстың күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ жауапты мамандар мен ауыл округ әкімдеріне жобаны іске асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу керектігін айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ниет білдіруші жергілікті тұрғындар туындаған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, мамандар тарапынан толыққанды жауап берілді.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу үшін 106 азамат құжат тапсырып үлгерген. Оның ішінде 76 азаматтаң құжаты 350, 150 млн теңгеге мақұлданып, 25 азамат 108,350 млн теңгеге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.