ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Кентау қаласы тұрғындарымен есептік кездесуінде сұрақ қойған кентаулық азаматша, қоғамдық кеңес мүшесі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны уақыт бөліп, жақын маңдағы саябаққа серуендеуге шақырды.

Қала тұрғыны өз сөзінде қаладағы саябақтар мен демалыс орындарының тазалығы сын көтермейтінін айтты. Облыс әкімі өз жауабында тазалыққа әрбір тұрғынның жауапты екенін атап өтті. Өз сөзінде «Иә, дәл қазір «Тазалық – табалдырықтан басталады» деген қазақ атамыздың тамаша айтылған нақыл сөзі есіме түсіп тұр. Өзін өркениеттімін дейтін кей жерлестеріміз өз үйінің табалдырығына дейінгі ортаны, оны тазалайтын азаматтардың еңбегін бағаламайтыны өкінішті. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, жанашырлық жасауды, тазалықты өзімізден бастайықшы. Сонда қазынадан қыруар қаражат кетірудің орнына сол ақшаны әлеуметтік маңызы бар, аса қажет нысандарды салуға жұмсар едік. Солардың санын арттырар ек. Біз тазалық мәселесін жіті бақылап отырамыз. Әр аудан, қалаға барған сайын бұл мәселені өзім көтеремін. Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ. Сондықтан тазалықты сақтайық, ағайын!» деді облыс әкімі.
Кездесу соңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласының тұрғынымен бірге орталық саябақты аралап шықты. Сын-ескертпелерді ескеріп, жауапты басшыларға тазалық сақтау жұмыстарын ширатуды тапсырды.