АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Қоғамдағы аса жауапты саланың жүгін арқалаған «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» РҚБ-нің Шымкент филиалының құрамындағы «Kameya Clinic» медициналық орталығының мамандары медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай марапат төрінен көрінді.

Салтанатты жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Kameya Clinic» орталығының басшысы Жансері Суетов және дертіне шипа іздеген адамға көмек қолын созудан жалықпайтын орталықтың медицина қызметкерлері қатысты. Жиында Бауыржан Ілімшеұлы ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, дәрігерлердің қоғамдағы рөліне тоқталды, жүрекжарды тілегін білдірді. «Өмірімізді сеніп тапсыратын дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз, олар халық саулығы жолында тер төгіп, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалады. Бүгінде еңбек адамының мүддесін қорғайтын кәсіподақтар медицина қызметкерлерін қолдауға барынша күш салуды. Дегенмен денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашан да дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек. Осы орайда, халықтың денсаулығын сақтауға қосқан баға жетпес үлесі үшін баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіріп, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын» деді АКБ төрағасы.
Жиында сөз алған Жансері Бүкенбайұлы клиника мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті. Салтанатты шара денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін бірқатар ақ халаттыларды марапаттау рәсімімен жалғасты. Онда ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі үшін ақ халатты абзал жандарға төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады. Жиын соңында қуаныш иелері кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.