ҚАЗЫҒҰРТТА ҚУАТТЫЛЫҒЫ 50 МВТ БОЛАТЫН КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында биыл қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясы салынады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов айтты.
Нақтырағы «Биыл 26,7 млрд теңгеге 12 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында Шанақ ауылдық округінде құны 23,8 млрд теңгені құрайтын жалпы қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясын салу көзделуде. Қазіргі таңда жер мәселесі толық шешіліп, инвесторлармен меморандум түзілген. Бұдан бөлек, 25 жаңа жұмыс орнымен құны 1,1 млрд теңге құрайтын мал сою бекетін салу қарастырылуда. Оның жалпы қуаттылығы жылына – 10 мың бас ірі қара мал. Сонымен қатар «Ынтымақ» өндірістік кәсіпорны тарапынан қуаттылығы 1,3 МВт су электр станциясы салынып жатыр. Ол биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек, өткен жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 23,1 млрд теңгеге, ал ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 66,7 млрд теңгеге жетті» деді Азизхан Әзімханұлы.
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысымен ауданда жалпы 62 елді мекеннің 59-ы ауыз су құбырымен, 49-ы табиғи газ жүйесімен, 98,4 пайызы орталықтандырған электр желісімен қамтылған. Сондай-ақ 28 аудандық маңызы бар және ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілген.