ЕГІЛГЕН АҒАШТАРДЫ КҮТІП-БАПТАУ БАСТЫ НАЗАРДА
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерде егілген ағаштарды күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстырын күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Қарақоңыр, Отырар, Көксарай, Аққұм ауыл округтерінде болып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының қарқынымен танысты.
Ең алдымен Көксарай ауылындағы көгалдандыру бойынша атқарылған жұмыстарды аралап көрді. Мұнда кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен орталық көшенің бойы қоршалып, 3 мыңға жуық көшет егілген. Мұнан соң аудан басшысы Аққұм ауыл округіндегі көгалдандыру жұмыстарымен танысып, елді мекендегі жасыл аймаққа егілген көшеттерді күтіп-қарау жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертті. Көшеттер егілген жасыл аймақты келешекте халық келіп демалатын саялы саябаққа айналдыру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Жалпы Аққұм ауылындағы жасыл алқапқа 2450 көшет егіліп, бүгінде 80 пайыздан астамы өнген.
Бұдан өзге, Шәмші Қалдаяқов ауылындағы көгалдандыру жұмыстарымен танысып, жаңадан салынатын спорт кешенінің құрылыс жобасын пысықтады. Биыл елді мекенде орналасқан Ш.Ерманов, Азаттық, Әділет және Шәмші ауылына кіреберіс көшелерді жарықтандыру, Ш.Қалдаяқов ауылы мен Қарақоңыр станциясы аралығына аяқ жол салу, балалар ойын алаңшасын салу, Арыс елді мекені Ш.Әбілқасымов және У.Илясов көшелерін орта жөндеу, Сырдария елді мекенін газдандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады деп күтілуде. Аудан басшысы М.Шойманов ауылындағы саябақта көгалдандыру жұмыстары аясында егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-нан аса көшет егілсе, бүгінде оның 60 пайызы ғана өнген. Аудан басшысы көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру керектігін айтып, ауыл округінің әкіміне тапсырмалар жүктеді.