ШЫМКЕНТ: ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ШАРУА ШАШ-ЕТЕКТЕН

Шымкент қаласында әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бұл жөнінде өткен аптада үшінші мегаполистегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында Шымкент қаласы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Бақтияр Өнербаев айтты. Баспасөз жиынында айтылған тақырыптарға кеңінен тоқталып өтейік…

Шымкент қаласы бойынша зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 184 мыңнан астам азаматты құрайды. Бүгінгі таңда азаматтарға әлеуметтік төлемдерге қатысты мемлекеттік қызмет көрсетудің 13 түрі бойынша қызметтер көрсетілуде. 2022 жылы жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылардың және қайта қаралған төлемдердің саны – 166 398 құрайды. Оның ішінде, жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 80 044, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 86 354. Өткен жылы 33 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден және 2166 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тартылды. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылып, есеп беру кезеңiнде мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмдерiн бұзу және заңсыз тағайындалған төлемдер жоқ, 210 іс құжат бойынша зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындауға өтініш берушілер тарапынан ұсынған құжаттардың дұрыстығын растау үшін уәкілетті ұйымдарға сұраныс хаттар жолданғанын да айта кету керек.
Жиын барысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбекке қабілетті жасқа жетеді. Қазақстанның еңбек нарығының болашағын жастар айқындайды. Қазіргі уақытта олар жұмыспен қамтылғандардың 60%-ын құрайды, ал 2030 жылға қарай олардың үлесі Қазақстанның барлық жұмыс күшінің 80% -ынан асады. Осы мақсатта әлеуметтік лифтілер жүйесін құру және жастарды қолдау бағдарламаларындағы тәсілдерді қайта қарау қажет. Қолдау шараларының бірі – мемлекет басшысының жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5%-дан жеңілдетілген шағын несие беруі болады. Қазіргі уақытта берілетін гранттар сомасы жастардың, әсіресе стартаптар үшін барлық жағдай жасалған мегаполистер мен облыс орталықтарында өз ісін ашуы үшін жеткіліксіз екенін мойындау керек.
Брифинг барысында отбасының цифрлық картасы да сөз болды. Отбасының цифрлық картасы – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактив форматта кепілдік берілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және 19 млн оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған. Дегенмен отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде. Ең негізгілерінің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте, аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Бұл құқықты жарты миллионға дейін ата-ана пайдаланатын болады. Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем бүгінде МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды. Ал жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.
Сонымен қатар ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылған болатын. Бұл шара мыналарды көздейді. Яғни 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн зейнеткерді қамтиды. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдайды. Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұрады. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте, ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.
Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтілетін болады. Оған 50 жасқа толған қазақстандықтар 3 жылға дейін қатыса алады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілер мемлекеттен белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ына субсидия (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) көп емес) ала отырып, зейнеткерлік жасқа дейінгі (58 жастан бастап) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құрады. Бұл ретте жұмыстың ұзақтығы 12 айдан аспайды. 2023 жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізіледі, қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады. Субсидиялар мөлшеріне келсек, жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды. Сонымен қатар жоба аясында «жеке көмекші» және «әлеуметтік қызметкер» кәсіптері бойынша жұмыс орнын алу мүмкіндігі пайда болады. «Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарлануда.