АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Ана мен баланың денсаулығын сақтау – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан кез келген қоғамда аталған бағытқа айрықша назар аударатыны белгілі. Оның ішінде тарап жатқан түрлі қауіпті аурулардан сақтандыру мен қорғау ісі назардан тыс қалмақ емес. Осы орайда, Шымкентте ақпараттық коммуникациялық орталық алаңында өткен баспасөз жиынында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова бірқатар маңызды сауалдарға жауап берді. Тарқатайық…

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылы туберкулез аурушаңдығының эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, бірақ 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың 9 жағдайға артуы байқалды. Сонымен қатар ағымды жылдың 2 айында жалпы туберкулездің 40 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық 26 (40%) жағдайға, оның ішінде өкпе туберкулезі өткен жылдың өткен мерзімімен салыстырғанда 18 жағдайға төмендеген. Аурушаңдық 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелмеді.
Алдын алу және диагностикалық мақсаттарда ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен Манту сынамасы жүргізіледі. Науқасты кеш анықтаған кезде туберкулездің бациллярлы немесе асқынған түрі қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Уақтылы емделмеген жағдайда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастар жылына 10-нан 15 адамға дейін ауруды жұқтыруы мүмкін. Науқастардың 54%-ын еңбекке қабілетті 18-44 жас аралығындағы адамдар құрайды. Туберкулез таяқшасы қоршаған ортада, әсіресе қақырық пен топырақта едәуір ұзақ уақыт сақталады.
Аурудың белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша немесе оқу орны бойынша медициналық мекемеге уақтылы хабарласу қажет. Туберкулезді ерте анықтау –сауығудың кепілі. Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және баламасыз әдісі – вакцинация. ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сай барлық егулер тегін, егілетін ересек адамның немесе баланың ата-анасы немесе заңды өкілі ерікті түрде жазбаша берген келісімімен, арнайы оқып-дайындалған және рұқсат алған медицина қызметкері дені сау кезінде егеді.
Туберкулездің алғашқы белгілері — 2 аптадан астам жөтел, дене қызуының көтерілуі, кеудедегі ауырсыну және қысылу, салмақ жоғалту, түнде терлеу, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік және қатты шаршау. Туберкулездің алдын алудың негізгі шараларына келсек, жеке бас гигиенасын сақтау – қолды, ыдысты жуу, жеке ыдыстарды пайдалану, жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе шынтақпен жабу, салауатты өмір салты – жүйелі, белсенді дене жаттығулары және жақсы демалыс, тиімді тамақтану – ет, сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде пайдалану, жаман әдеттердің алдын алу – темекі шегу, ішімдік, нашақорлық, таза ауада және табиғатта демалып серуендеу, бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп, үйде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қақырықпен ластанудан қорғау, тіркелген емханада уақытылы Манту сынамасынан, флюорографиялық тексеруден өту және БЦЖ вакцинация мен ревакцинациясымен егілген жөн.
Туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы (Кальмет-Герен таяқшасы) ірі қара мал туберкулезінің таяқшасының әлсіреген тірі штаммынан дайындалады. Ол жасанды ортада арнайы өсірілетіндіктен, адамдар үшін қауіпсіз. Жаңа туылған нәрестелерді өмірінің 2-4-ші күнінде перзентханада БЦЖ вакцинасымен туберкулезге қарсы вакцинация жүргізеді. Және Манту сынамасының теріс нәтижесінен кейін 6 жастағы балаларға қайта вакцинация (БЦЖ ревакцинациялау) жүргізеді. Перинаталдық орталықта БЦЖ вакцинасымен егілмеген екі айға дейінгі жаңа туған нәрестелер тұрғылықты жері бойынша емханаларда Манту сынамасынсыз егіледі. Сонымен қатар 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді ерте анықтау және диагностикалау мақсатында Манту сынамасы жүргізіледі.