ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН ТҮЙТКІЛДЕРДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ШЕШІМІН ТАПҚАН
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, «Сауран» секторының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында шаһар басшысы өткен кездесулерде айтылған мәселелер мен нәтижелерге тоқталып, шағын баяндама жасады. «Сауран» тұрғын алабында 2022 жылы өткен кездесу барысында тұрғындар тарапынан 220 мәселе көтерілген болатын. Олардың 215-і бүгінде толық шешімін тапты, 5 мәселе бойынша жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша секторда 1,38 шақырымды құрайтын 3 көшеге орташа жөнедеу жұмыстары жасалды. 28,9 шақырымды құрайтын 41 көшеге тас төселіп, 35,9 шақырымды құрайтын 31 көшеге жарықтандыру жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 24 орынға аялдама нысаны орнатылды. Сонымен қатар 9 шақырымды құрайтын 10, атап айтқанда, Алпамыс батыр, Т.Рысқұлов, М.Төлебаев, К.Сарыбаев, «Дарын» мектебі тұсы, Балақаев көшелерінде аяқжол салу жұмыстары іске асырылды. Сондай-ақ І мөлтек ауданында абаттандыру бойынша спорт алаңшалары салынып, аумақты асфальттау мен аяқжолдар төсеу, жарықшамдар орнату және тағы басқа жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстар 90 пайызы аяқталған.
Қазіргі таңда ІІ мөлтек ауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстың 20 пайызы аяқталды. І-ІІ мөлтек аудандағы 9 трансформатор күрделі жөндеуден өткізіліп, мемлекеттік жобаға сәйкес жоғарғы кернеулі электр кабельдері толық жаңартылды. Қазіргі таңда Кенесары көшесінің бойында кабель салу жұмыстары жүргізілуде. «Сауран» мөлтек ауданында жалпы жоба бойынша 110 шақырым ауыз су желісі қайта күрделі жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда құрылыстың 80 пайыз жұмысы аяқталған. Баянауыл елді мекенінен 900 орынды мектеп құрылысын салуға жобалық-сметалық құжат әзірленіп, құрылыс басқармасына тапсырылды. Қазіргі таңда мектеп құрылысын салуға жер көлемі белгіленіп, бекітілді. Мектептің құрылыс жұмысын 2023 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өтініш-тілектері мен ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, өзекті мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің жолдарын қарастырды.