ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАНДАЙ?
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы әзірленді. Нәтижесінде 5 жылда жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімделігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есе ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есе ұлғайту қарастырылды. Осы тұжырымдама және 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында биылғы жылға 37 даму көрсеткіштері нақтыланды.
Нәтижесінде салаға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын, бордақылау, сүт, құс фермаларын ашу есебінен жалпы өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге жеткізілетін болады. Осыған орай, биылға жоспарланған көрсеткіштер бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Облыстың ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде белгіленген 18 даму көрсеткіштері бойынша былтырдан бері барлық аудан, қала әкімдіктеріне ай сайын тұрақты бағалау мониторингі жүргізілді. Жыл қорытындысымен ең төменгі сатыда Кентау қаласы, Ордабасы, Келес, Жетісай және Түлкібас аудандары тұр. Осыған орай, аталған аудан, қала әкімдерінің салалық орынбасалары сөгіс алды.
Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінің даму көрсеткіштерінің 2022 жылы орындалуы және 2023 жылға міндеттер туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы м.а Нұржігіт Мырзахметов баяндады. Жыл қорытындысымен еліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобада қарастырылған 4 міндет тиісті деңгейде орындалған. Атап айтқанда, жалпы өнім көлемі 1 триллион 36 млрд теңгеден асып, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға 3 млн теңгені құраған. Отандық өндірісті негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша 2025 жылы республика халқын алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, құс етімен толық қамту, қант өнімімен 80%-ын қамтамасыз ету жоспарлаған.
Облыста 2022 жылы 130,6 мың тонна алма, 7 мың тонна балық, 8,4 мың тонна шұжық өнімдері, 3,7 мың тонна сүзбе, 4,2 мың тонна құс еті өндірілген. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2027 жылға қарай құс етімен 45%-ға және басқа өнімдермен облыс халқы 100%-ға қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар экспорт көлемі 308,3 млн АҚШ долларын құрамақ. Жалпы 683,4 мың тонна өнімдер экспортталған. Оның ішінде қайта өңделген өнім үлесі 44,4%-ды құрады. 2025 жылға қарай облыста ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін 2 есеге ұлғайтуға толық мүмкіндіктер бар.
Төртінші міндет — облыста 2022 жылға жоспарланған жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылды. Онда 700-дей жаңа жұмыс орындары құрылды. Жыл қорытындысымен облыстың ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 118,7 %-ды құраса, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 10,2 млрд теңге инвестиция тартылған. «Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту жоспары мен тамақ өндірісіне инвестиция тарту жоспары артығымен орындалды. Дегенмен тамақ өндірісіне инвестиция тарту жоспары Ордабасы, Мақтаарал аудандары мен Кентауда кеміген. Мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы саясатының негізгі басымдылығы шикізат секторынан дайын өнім секторына өту екендігіне қарамастан аудан, қала әкімдіктері бұл бағытты дамуға мүлдем көңіл бөлмеуде. Атап айтсақ, жыл қорытындысымен облыста қайта өңдеу көлемі 120,8 млрд теңгені құрап, 97,9%-ды құрады немесе өткен жылдан 2,1%-ға төмендеген. Осыған орай, аудан қала әкімдіктері қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу, кеңейту, жаңғырту жұмыстарына аса көңіл бөлу қажет деп санаймын» деді Нұржігіт Мырзахметов.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнім үлесі бойынша Түркістан облысы республикада 3-орында. Нақты көлем индексі — 100,7 %, өсімдік шаруашылығы — 101,4 %, мал шаруашылығы — 99,7 %. Мал шаруашылығы өнімінің кемуіне келесі аудан, қалаларда мал шаруашылығы өнімдерінің төмендеуі әсер етті. Ет өндіру Ордабасы, Төлеби, Отырар, Кентау мен Келесте кеміген. Сүт өндіру Арыс, Жетісай мен Кентауда кеміген. Жұмыртқа өндіру Кентау қаласы мен Отырар, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Созақ аудандарында азайған.