БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАҚ ЕМЕС

Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды бастамалар көтеріліп, іске асырылып келеді. Қазіргі таңда қалада заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшалары салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда. Қала басшысы Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көпқабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті.

Әл-Фараби алаңы №1А Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көпқабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды. Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Нысандағы жөндеу жұмыстарын бақылаған шаһар басшысы «Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал, бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз» деді. Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда.
«Халық қатысатын бюджет» жобасының ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынғаны белгілі. Күні бүгінге дейін Шымкентте бірқатар нысандар аталған жоба аясында пайдалануға берілді. Нақтырағы, тұрғындар ұсынысымен өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылған. Аталған жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.