ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ ЕСТЕН ШЫҚПАУЫ ТИІС

Шымкент қаласында болып жатқан барлық төтенше жағдайлардың 86 пайызы өрттің салдарынан туындаған. Әсіресе бұл қауіп жылыту кезеңі қарсаңында күрделене түседі. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Мадияр Жақсыбаев шаһар басшысы Мұрат Әйтеновке берген департамент жұмысы турасындағы есебінде баяндады. 

Жалпы төтенше жағдайлар жөніндегі статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, өрт шығу тұрғындардың қоқысты жинап жағуы мен сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастап кетуінен болып жатады. Кейде балалардың отпен ойнауы, шыны ыдыстарды құрғақ шөпке тастап кетуі де себеп. Атап айтсақ, өткен жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 56 өрт тіркеліп, материалдық шығын 86 млн теңгені құрады. Ал соңғы 8 айда 131 өрт тіркеліп, 1 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алған. Бұл дегеніміз өткен жылмен салыстырғанда өрт шығу оқиғасы 13 пайызға өскен.
Сондай-ақ, тек өрт емес, тұрғындардың табиғи газбен улануымен байланысты жазатайым оқиғалар тіркеліп жатады. Бұл жөнінде сала басшысы есебінде айтып өтті. Нақтырағы «Жалпы Шымкент қаласының 83% газбен жабдықталған. Табиғи газбен улану бойынша 4 жағдай тіркелді, нәтижесінде 3 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алды» деді ол.
Қала басшысы есепті тыңдап, алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге «2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу» іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.