ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА 1,6 МИЛЛИОННАН АСА РЕСЕЙЛІК КЕЛГЕН
Соңғы уақытта әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісе түсті. Ресей мен Украина арасындағы жағдай жалпы әлемнің экономикасына айтарлықтай зардаптар әкелуде. Дамушы елдерді былай қойғанда, әлем алпауыттарының өзінде инфляция өршіді. Қымбатшылылықтың құрсауында қалған халықтың табысы азайып, әлеуметтік ахуалы да нашарлай түскен. Солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салдарынан мыңдаған тұрғын үйінен үдере көшіп, шекара асты. Ресейде 21 қыркүйекте ішінара мобилизацияның жариялануы шетке кетер азаматтардың санын айтарлықтай өсіріп-ақ тұр.
Дәл осы шекара асатын тұрғындардың дені Қазақстанға келетіні бесенеден белгілі. Ресеймен 7,5 мың шақырымнан астам ортақ шекарамыз бар. Мұның өзі ресейліктердің елімізге ағылуына себеп болып отыр. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан-ақ Қазақстанға келер адамдардың саны қаншалықты екенін аңғаруға болады. Бүгінде кеденде бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған. Осының өзі онсыз да шарықтап бара жатқан азық-түлік пен баспана бағасының әрі қарай өсуіне себеп болып отыр. Мыңдаған ресейліктің елімізге келуі ішкі нарыққа қалай әсер етеді? Қоғамда қандай өзгерістер орын алуы мүмкін? Саралап көрейік…
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасында болып жатқан жағдай толық бақылауда екенін және шекара маңында ешқандай қиындық жоқтығын мәлімдеді. Десе де қоғамның ойы мүлде басқа. Ел тұрғындары алдағы уақытта азық-түлік пен баспана бағасының аспандауынан қауіптенеді. Бір ғана мысал, әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбадан кейін Алматы мен елордадағы пәтерді жалға берушілер пәтерақысын әлдеқайда қымбаттатып жіберген. Мәселен, бас қалада 1 бөлмелі пәтердің бір айға жалға алу ақысы 130 мың теңгеден басталса, 2 бөлмелі пәтерлер 230 мың теңгеден жоғары. Оңтүстік астанадағы жағдай да осымен шамалас. Десе де 2 бөлмелі пәтердің бағасын 700-800 мың теңгеге көтеріп жіберген жағдайларды жиі байқауға болады. Мұның айлығы шайлығына жетпейтін жергілікті тұрғындарға ауыр тиері бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, 100-150 мың теңге жалақы алатын азаматтарды былай қойғанда, шәкіртақыға күнін көретін студенттердің қалтасына аса үлкен салмақ салмақ. Яғни нарықтағы сұраныстың артуы қымбатшылыққа айтарлықтай себеп болып отыр. Себебі елге келушілердің саны айтарлықтай жоғары. Ресми ақпаратқа сәйкес, бүгінде Қазақстанда 196 940 ресейліктер уақытша тұрады. Бұдан бөлек, 64 935 Ресей азаматы тұрақты тұрып жатыр, оның ішінде 6 398-і – Ресейден келген қандастар.
Осы тұста сарапшылардың пікіріне жүгінейік. Саясаттанушы Қайырбек Арыстанбековтың пікірінше, көші-қон мәселесін қатаң бақылауға алу керек. «Әлбетте бұл үдеріс Қазақстанның ішкі жағдайына, әлеуметтік-экономикалық даму процесіне әсер етеді. Бізде Ұлттық қауіпсіздік туралы заң бар. Сол заң бойынша бақылаудан тыс қалған көші-қон ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптің бірі болып саналады. Сондықтан бұған дер кезінде ден қойып, жан-жақты жағдайды бағалап, шаралар қабылдау қажет» дейді ол. Саясаттанушының пікірінше, экономикалық қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстап, олардың әлеуетін экономикалық мүддеге пайдалану керек. Айта кету керек, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде шекараны уақытша жабуға қатысты бастамалар көтеріліп жатыр. Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым шекараны жабуға ешқандай негіз жоқ деп санайды. Өз сөзін «Мұндай шешім Қазақстан шекарасында бандиттер, қылмыскерлер, қарулы адамдар ел аумағына кіріп, зиян тигізген жағдайда ғана қабылданады. Ал әзірге тыйым салуға еш негіз жоқ» деп түйіндеді Мәжіліс депутаты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та халықтың алаңдауына негіз жоқ екенін алға тартады. Оның сөзінше, ресейліктер елімізге туристік мақсатта, жұмыс сапарымен немесе туыстарына келу үшін емін-еркін кіріп-шыға алады. Дегенмен елімізге келер көштің ауқымына қарасақ, шекарадан өткендердің дені туристер мен туысын іздеген азаматтар екеніне сену қиын. Оған мына мысал дәлел бола алады. 21 қыркүйек күні сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Мәскеу мен Санкт-Петербургтен жақын елдерге ұшатын бағыттар бойынша билеттер таусылып кеткен. Қала берді, оның құны да күрт көтерілген. Кейбір бағыттар бойынша билет бағасы 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Мәселен, Мәскеу-Алматы бағыты бойынша 21 қыркүйекте билет қалмады. 22 қыркүйекке жоспарланған бағыттар бойынша билет бағасы 540 мың теңгеге дейін көтерілді. Мәскеу-Астана бағытындағы билет құны 544 мың теңгеден басталып, 6 миллион теңгеге дейін жетсе де, санаулы ғана билет қалған. Ал Ташкент, Бішкек, Тбилиси мен Стамбулға мүлде билет жоқ. Мұның барлығы 21 қыркүйекте жарияланған ішінара мобилизациядан кейін орын алып отыр. Демек Ресейден кетушілер саны күрт артқан. Сәйкестік пе? Біздіңше, жоқ…
Қош делік, шенділердің сөзінше, алаңдауға негіз жоқ. Ендеше туристік мақсатта немесе туысын іздеп келген ресейліктер елімізде қанша уақыт бола алады? Осы сауалға жауап іздейік. Қазақстанда шетелдіктердің келу ережесін «Халықтың көші-қоны туралы» заңы және Үкіметтің «Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы реттейді. Осы ережелерге сүйенсек, елде 30 күнге дейін болатын шетелдіктерге уақытша тіркеу міндетті емес. Ал ресейліктер 30 күннен артық қалғысы келсе, міндетті түрде көші-қон қызметіне тіркелуі керек. Осыдан кейін олардың елде болу мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт өткеннен кейін олар Қазақстаннан кетуге міндетті. Ал қайта келуге кеткен күннен бастап 90 күнтізбелік күннен кейін ғана мүмкіндік беріледі. Егер ресейліктер Қазақстанға жұмыс істеу үшін келсе, онда мұндай азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің уақытша елде болу мерзімі Ресей азаматының Қазақстандағы жұмыс берушімен немесе жұмысқа тапсырыс берушімен жасасқан еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартының ұзақтығымен шектеледі. Мұндай азаматтар Қазақстанда бір айдан аса болуды жоспарласа, көші-қон полициясына тіркеліп, еңбек шартын ұсынуы қажет. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағына кірген күннен бастап 90 тәулік өткеннен кейін шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, Ресейдің жұмысшы азаматы Қазақстан аумағынан шықпай 15 күн ішінде жаңа Еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасуға құқылы. Айта кету керек, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 97-бабына сәйкес, Ресей азаматтарынан Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алуы талап етілмейді. Ресей жұмысшы-азаматының Қазақстан аумағындағы еңбек қызметі ЕАЭО туралы шарттың ережелерін ескере отырып, Қазақстан заңнамасымен реттеледі. Бұдан бөлек, төменде көрсетілген пункттер бойынша елге кіргізуге тыйым салынады. Яғни ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғау мүддесінде, егер оның әрекеті конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған болса, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның территориясының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақырса, ұлтаралық, конфессияаралық және діни араздықты қоздырса және Қазақстан азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қажет болған жағдайда шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қоғамның елге келіп жатқан ресейліктерге қатысты көзқарасы жоғары деңгейде деуге келмейді. Ал миграцияның сәтті жүзеге асуы келушілердің еңбек нарығы және қоғаммен қалай интеграцияланатынына тікелей байланысты. Бұл мәселеге баса назар аударылмаса, миграция ішкі шиеленістерге себеп болады. Мұның жарқын мысалы ретінде Балқан түбегінде болған жағдайды келтіруге болады.
Қорыта айтсақ, ресейліктердің елімізге үдере көшуі еңбек нарығына да айтарлықтай әсер етпек. Қала берді ішкі нарықтағы бағаның өсуіне де сеп болады. Ал бұл жағдай қымбатшылық мәселесін жиі көтеріп отырған қоғам үшін жағымды жайт емес. Пәтерақы бағасы аспандап барады. Алдағы уақытта жоғары сұраныстың салдарынан өзге де тауар түрлері қымбаттауы бек мүмкін. Егер көші-қон саясатына баса назар аударылып, тиімді шешімдер қабылданып, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмесе, ахуал шиеленісе түсетін тәрізді. Өз кезегінде, көші-қон қызметі комиеті басшысының міндетін атқарушы Аслан Аталықов шетелдіктердің Қазақстан аумағына келуі заңдық негізде реттелетінін айтып отыр. Оның сөзінше, жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 1 660 000 адам кірсе, 1 640 000 адам шыққан. Дегенмен мұның күні бүгінге дейінгі ақпар екенін ұмытпауымыз керек. Ал Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін қанша ресейліктің елімізде тұрақтап қалары белгісіз. Себебі солтүстік көршіміздегі қарсылық шараларына қарасақ, отанына оралуды қалайтындар қатары қалың емес тәрізді. Анығын уақыт көрсетеді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.