КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ 20 ҚАРАШАДА ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.

«Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын» делінген маңызды құжатта. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді. Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қатысу үшін кандидаттар ұсыну 2022 жылғы 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан сағат 18.00-де аяқталатынын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, Конституцияға енгізілген соңғы түзетулерге сәйкес, Қазақстан президенті жеті жылға және бір мерзімге сайланады. Тиісті заңды таяуда Парламент қабылдап, мемлекет басшысы қол қойған болатын.

«Уақыт».