МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Жаһан жұртшылығын жайлаған қауіпті індет кезінде қоғам дәрігерлердің маңызын жіті түсінді. Адам жанын аурудан арашалау сынды маңызды қызметке саналы ғұмырын арнаған ақ халаттылардың ерлігіне ел сүйсінді. Мемлекет тарапынан да салаға айрықша назар аударылып келе жатқаны бесенеден белгілі. Десе де көңілді күпті ететін жайттар да жоқ емес. Тарқатайық…

Ranking.kz жуырда медицина саласындағы құқық бұзушылықтар санының артып бара жатқаны турасында жазды. Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін сандарға жүгінейік, биылдың қаңтары мен тамызы аралығында елімізде 181 медициналық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 12,4 пайызға артық. Зардап шеккендердің арасында 126 әйел, 8 кәмелетке толмаған бала, 7 зейнеткер мен 1 сотталған азамат бар. Қош делік, демек саладағы мәселелер материалдық-техникалық база және ескірген ғимаратпен шектелмейді. Одан да үлкен мәселе бар. Аталған салада мұндай құқық бұзушылық фактісінің тіркелуін қалыпты құбылысқа балауға да болар еді. Себебі өзге салалардағы көрсеткіштер бұдан әлденеше есе көп. Әйтсе де бізді алаңдататыны – көрсеткіштің өсуі. Мәселен, өткен жылы 161 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,1 пайызға азайған болатын. Ал биыл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 12 пайызға бір-ақ өскен.
Өңірлерге ойыссақ, құқық бұзушылық фактісі бойынша көштің басында 18 жағдаймен Алматы облысы тұр. Одан кейінгі орынға 16 жағдаймен Алматы қаласы орналасқан. Осы тұста айта кетерлігі, бір жыл ішінде оңтүстік астанадағы жағдайдың өсімі 77,8 пайызды құраған. Елорда мен Павлодар облысында да жағдай мәз емес. 15 жағдай тіркеліп отыр. Павлодардағы көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 87,5 пайызға көп. Ал құқық бұзу фактілерінің түріне тоқталсақ, жалпы жағдайдың 96,1 пайызы медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамаумен байланысты. Яғни 174 құқық бұзу дәл осы себептен орын алып отыр. Бір жыл ішінде көрсеткіш 10,8 пайызға көбейген. Бұдан бөлек, заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысудың 5 фактісі және заңсыз түсік жасату және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды қолдан жасау бойынша 1 факті тіркелген.
Қорыта айтқанда, сала мамандарының жалақысын өсіріп, кәсіби біліктіліктерінің артуына барынша жағдай жасалса да, заңнан аттап, өзгенің құқығына қол сұғатын ақ халаттылар азаймай отырған тәрізді. Бұдан бөлек, соңғы уақытта қоғамда ақша бермесе, дәрігерлердің қарамайтыны турасында да жиі айтылады. Денсаулығында кінәраты бар адамның құқығын қорғап, құзырлы органдарға жүгінуі сирек кездеседі. Сондықтан да заңсыздықтар жайы көп жағдайда анықталмай қалады. Ал мұны білетін кей дәрігерлер медицина мекемесін қосымша табыс көзіне айналдырып алған. Мұның қоғамдағы ақ халаттылардың абыройына нұқсан келтірері бесенеден белгілі. Өз құқығын қорғап, заң шеңберінде сапалы қызметті талап етер тұрғындар көбеймесе, заңнан аттап, қалауын істейтін ақ халаттылар азаймайтын тәрізді…

Ж.БАЛАУСА.