ОТБАСЫЛЫҚ СПОРТТЫҚ САЙЫС басталмақ

Газетіміздің бұған дейінгі санында Шымкент қаласында «FITNESS PARK KZ» жобасының бастау алғаны турасында тарқата жазған болатынбыз. Енді отбасы күніне орай, салауатты өмір салтын насихаттайтын аталған жоба аясында отбасылық жарыс басталмақ.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығын ояту, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау. Жарысты өткізуге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі басқармасының қолдауымен «Қуатты Ел» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр.
Жарыс шарттары бойынша отбасында құрамы 4 адамнан, яғни, әкесі, анасы және 2 баласынан тұратын 25 жастан жоғары 10 отбасылық команда қатыса алады. Ал қатысушы балалардың жасы 9-17 жас аралығында болу керек. Сондай-ақ қатысушылардың спорттық үлгідегі киімі болуы тиіс.
Отбасылық спорттық жарыс Шымкент қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында 10 қыркүйекте өтеді. Жарысқа қатысқан жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар беріледі. Нақтырағы, І орынға 100 мың теңге, ІІ орынға 70 мың теңге, ІІІ орынға 50 мың теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, жарысқа қатысқан барлық команда жүлдесіз қалмайды. Оларға ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар және гүл шоқтары тапсырылады.