БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ БАҚЫТТЫ ҚАЛАҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ

Маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Туризм индустриясы комитетінің ұйымдастыруымен «Qazaqstan Live Fest» фестивалі өткен болатын. Халықаралық көрмеде «Бақытты қалаға саяхат» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталған.

Өткен аптада Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы «Бақытты қалаға саяхат» байқауының кезекті жеңімпаздарын қарсы алды. Бұл жолы 2003 және 2007 жылы туылған Қарағанды облысы тұрғындарының бағы жанып, жеңімпаз атанып отыр. Жасөспірімдер Шымкентке саяхатқа келіп, туристік орындармен танысты. Атап айтсақ, балалар туризмін дамытуда ерекше нысан – хайуанаттар бағы, дендропарк, цитадель және Орта Азиядағы ең үлкен аквасаябақ «FONTAN» су қалашығында болды. Сондай-ақ қаламыздың танымал ас мәзірінен де дәм татып, ерекше әсерге бөленді.
Осылайша жеңімпаздар екі күндік сапар барысында үшінші мегаполистің туристік әлеуетімен танысып, қаланың қонақжай келбетіне тәнті болып қайтты. Айта кету керек, соңғы уақытта Шымкентке келуші қонақтардың саны артып барады. Бұдан бөлек, қаладағы туризм саласының әлеуеті әлемдік деңгейде өтетін түрлі шараларда таныстырылуда. Мұның өзі қонақжай халқымен және дәмді тағамдарымен танымал шырайлы шаһардың беделін биіктете түсетіні белгілі.