МЕКТЕПТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

1 қыркүйек күні Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 242 мыңнан аса оқушымен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен Білім күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Барша білім алушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиында ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шеруі болды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шымкентте жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп алты күндік оқумен қамтылады.
Айта кету керек, биылғы жылы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға мектеп формасы мен оқу құралдарына берілетін көмек ата-аналардың шотына ақшалай аударылды. Бұрындары заттай берілетін. Киімнің өлшеміне қатысты сын да жиі айтылатын. Жаңа жүйе аталған олқылықтың орнын толтырып, әрбір оқушының қалауындағы киімін алуына мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы үшінші мегаполистегі бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның өзі білім ордаларының материалдық-техникалық базасының жаңарып, жақсаруына ықпал етіп отыр.