ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ӘРІ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСАДЫ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың бүгінгі бағыты елдің келешегі үшін аса маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде, оның ішінде жергілікті әкімдіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Жуырда Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы М.Шотанов қала әкімі Мұрат Әйтеновке биылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Үшінші мегаполисте 245 мыңнан аса жас болса, оларға қолдау көрсету мақсатында 4 ауданнан жастар ресурстық орталықтары ашылып, жыл басынан бері 21 мың жасқа қызмет көрсеткен. Одан бөлек, 9 ірі сауда орталығында жастар ұйымдары құрылған. Олар кәсіпкерлікті дамыту және заңдастыру, спорттық шараларға тарту сынды бағытта жұмыс істейді. «Профновигация» жобасы аясында мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар жұмыстары бойынша 56 кездесу мен семинар-тренингтер, кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастырылды.
Жастарды жұмыспен қамту мақсатында NEET санатындағы жастар туралы тұжырымдама әзірленіп, бекітілген. Жыл басынан 27 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 4100 жас қамтылған. «Мобильді топ» 48 шалғай елді мекенді аралап, 15 000-нан астам жасқа ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізген. 6828 жас мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 162 жас алғашқы жұмыс орындары, 123 жас әлеуметтік жұмыс орындар, 3 623 жас тұрақты жұмыспен, 996 жастар практикасымен, 1 924 жас қоғамдық жұмыс орындарына жолданған.
Жиын барысында шаһар басшысы «Жастарды кәсіпкерлік іске баулу, жұмысқа орналастыру, оларға заманауи технологияны меңгерту күн тәртібінен түспей отырған өткір мәселелердің бірі. Әлеуметтік мәселесін шешу үшін, алдымен жұмыс мәселесін шешу қажет. Жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Соны түсіндіру, жан-жақты қолдау көрсету – міндетіміз. Жастар орталықтарында осы бағыттағы жұмыстар күшейтілсін» деп, тиісті тапсырмаларды жүктеді.