КӨЛІК АҒЫНЫН РЕТТЕУГЕ КӨҢІЛ БӨЛІНІП КЕЛЕДІ
Шымкентте кептелістің мәселесін шешу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Ал олардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын да жазып жүрміз. Құрылысы қарқын алған нысандар ел игілігіне қашан беріледі? Қандай сын-ескертпелер бар? Бастамалар толғақты түйінге айналған мәселелерді шеше ала ма? Тарқатайық…
Жол құрылысына қатысты тақырыпты тарқатсақ, әуелгілерден болып ауызымызға ілігетіні – Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысы. Аталған 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артады. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлік төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.
Қалың оқырманның жадында болса, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінен бұрылып, Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді. Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленді.
Қаладағы тағы бір үлкен құрылыс нысаны — Қонаев көшесі мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық. Нысан 2022 жылдың соңында аяқталады. Былтыр көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық құрылысы толық аяқталмай техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған еді. Қазір аяқжолдар салу жұмыстары, жерасты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Жоғарыда айтылғандай, екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанның техникалық сипатына сай Д.Қонаев көшесінде 1030 метр, Рысқұлов көшесінде 684,7 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген, ені – 42 метр, төрт-алты жолақты.
Бұдан бөлек, қалаға қарасты шалғайда орналасқан елді мекендердің де жол құрылысына баса назар аударылып келе жатыр. Мәселен, Абай ауданына қарасты Игілік тұрғын алабындағы көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырағы, бірқатар көшелерге биыл асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Сергелі, Шеңгелді, Беріктас, Бабата, атауы жоқ 32,33,34,35 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игілік тұрғын алабында жалпы 6,8 шақырым жолға асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары көзделген. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
«Уақыт».