ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫ ҚОЛДАУ ТАПТЫ
Шымкент қаласының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып келе жатыр. Мәселен, Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары аталған жоба аясында өз ұсыныстарын жеткізген еді. Нәтижесінде 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшалары салынды.
Бүгінгі таңда шағынаудандағы №7, 10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игілігіне берілген болса, №6, 9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр. Айта кету керек, Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары ескіріп, қайта құруды қажет еткен.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, шағынаудандағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін өңірде 2 ашық спорт алаңшасы орнатылған. Қорыта келгенде, «Халық қатысатын бюджет» жобасы өз нәтижесін көп өтпей-ақ беріп жатыр. Тұрғындардың ұсыныстары ескеріліп, тиісті шаралар дер кезінде қолға алынуда.