ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРУҒА НИЕТ БІЛДІРУШІ РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ САНЫ КҮРТ КӨБЕЙГЕН
Украинадағы жағдай ресейліктер үшін көптеген қолайсыздықтар келтіріп жатқаны белгілі. Алғашқы санкциялар салынып, әлеуметтік желілер бұғатталған уақыттың өзінде-ақ бірқатар сарапшылар Қазақстанның азаматтығын алуға, елімізде тұруға ниет білдіруші ресейліктердің саны артатынын айтқан еді. Айтқаны айдай келді десек, артық айтқанымыз емес. Мұны Ішкі істер министрлігі де растап отыр. Тарқатайық…
Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев былай деді «Бүгінде ықтиярхат алуға өтініш білдіргендердің саны өсіп жатыр. Егер өткен жылдары бұл көрсеткіш 350-ден 400 адамға дейін болса, қазір 2022 жылдың бірінші тоқсанында мыңға жуық адам өтініш білдірген». Демек көрсеткіш бір жылдың ішінде 2,5 есеге артып отыр.
Бұдан бөлек 170-ке жуық Ресей азаматы Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдіріпті. Десе де бұл көрсеткіш өткен жылмен бірдей. «Статистика бойынша, өткен жылы да шамамен, осыншама адам өтініш білдірген. Ал одан сәл ертерек, 200-ден аса адам азаматтық алуға өтініш білдірген» деді Марат Қожаев. Әрине, мұның тек ресми ақпарат екенін ұмытпағанымыз абзал.
Әлеуметтік желіде азаматтық берудің талаптарын қатаңдату бастамалары көтеріліп жатыр. Соның бірі – қазақ тілін білуді міндеттеу. «Вова ағасын» шақыратынын айтып, желіде желпінген жүргізушінің оқиғасынан кейін көптің ойланып қалғаны жасырын емес. Бүгінде азаматтық беру де күрделі процесс болып қалды. Себебі азшылықтың құқықтары үшін талай сарбаз қан кешіп, талай адам жақынына жоқтау айтып жатқаны жасырын емес…