ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ КӨСЕГЕСІ ҚАШАН КӨГЕРЕДІ?
Әлем алпауыттарының бүгінгі бағындырған белесі мен жеткен межесі ғылым саласымен тікелей байланысты. Өзгесін қойғанда, кешегі қарт Кавказдағы қанды шайқастарда соғыстың тағдырын шешкен техника да ғылымның күшімен адамзаттың уысына түскен. Батыстың белді ғалымдары тәжірибе жүзінде доңызды донор қылып, жаһан жұртшылығын тәнті етті. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған кешегі вирустың өзін адамзат аталған саланың күшімен ауыздықтады. Айта берсек, тізек берсек шеті мен шегі жоқ. Осындайда қазақ ғылымының бүгінгі жай-күйіне қатысты ақпар іздейтініміз жасырын емес. Ара-тұра тың жаңалық ашып, бұқаралық ақпарат құралдарынан бірлі-жарым ғалымның көрініп қалатыны бар. Десе де оның өзі қаржылай қолдау таппай, жаңалығының патентін жатқа сатып жатқанын да оқып жүрміз. Қазақ ғылымының бүгінгі даму қарқыны мен бөлінер қаржы қандай? Таратып көрейік…
Әншейінде батыстың алпауыттары қойған талаппен келіскіш келетініміз жасырын емес. Сол дамыған елдерде ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызынан артық болса ғана сол елде ғылым бар деп есептейді. Сондықтан әлем жұртшылығын аузына қаратып отырған өркениетті елдерде ғылымға бөлінетін қаражат көлемі ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайызын құрайды. Ал бізде 2019 жылы ғылымға бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,12 пайызына тең болды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Десе де жауапты министрлік өсімнің барын алға тартып отыр. Ал 2025 жылға қарай Қазақстан ғылымды дамыту үшін жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына тең қаржы бөле бастайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева орталық комумникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді. «Былтыр бізде ғылымды қалжыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайызы болды. Біртіндеп өсіп келе жатыр. Қабылданған Ұлттық жоба бойынша, ғылымды қаржыландыру 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы – 1 трлн теңгеге жуық қаражатқа ие болуы керек. Биыл бұрынғы көлеммен салыстырсақ, 70 пайыз өсті. Ғылымға қатысты қаражат Білім және ғылым министрлігінен бөлек 9 министрлікке бөлінеді. Бұл қаражаттың арқасында тек Білім және ғылым министрлігінің тарапынан 1160 грант жобасы, оның ішінде жас ғалымдардың 315 жобасы және 59 нақты бағдарлама қаржыландырылып отыр» деді ведомство өкілі.
Қоғамы мен заңына қарап көшімізді түзейтін дамыған елдердегі ғылымға бөлінетін қаржы көлеміне тоқталайық. Мәселен, Франция мен Қытайда жалпы ішкі өнімнің 2,2 пайызы көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 3,1, Германияда 3,2, Оңтүстік Кореяда 4,6 пайызды құрайды. Осыдан болар, әлем игілігін көріп, әр қазақ соңғы тиынына дейін санап беруге дайын тұратын техника мен тауардың дені осы елдерге тиесілі. Бұдан бөлек, әлемдік тәжірибеде ғылымды негізінен мемлекет емес, ірі компаниялар мен ірі бизнес өкілдері қаржыландырады. Мұның нәтижелі екенін ведомство өкілі Жанна Құрманғалиева «Мысалы вакцинаны алсақ, «Pfizer» компаниясы – мемлекеттік ұйым емес. Басқа да вакцинамен айналысқан алпауыт компаниялар көбінесе мемлекеттік емес қаражатты пайдаланады. Мемлекеттер көбінесе іргелі ғылыми жобаларды ғана қаржыландырады. Өйткені ол зерттеулерді коммерциализациялау мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар олар мемлекеттің мойнындағы парыз болып саналады» деп түсіндірді. Осындайда елімізде ғылым саласын қаржыландыратын кәсіпкерлер бар ма деген сауал туындайды. Бүгін қаржы салып, ертең пайдасын алуға дағдыланған біздегі ірі кәсіпкерлердің ғылымға деген қызығушылығы төмендеу секілді. Әйтсе де Үкімет олқылықтың орнын бюджет қаржысымен толтыруға ниетті. Оның нақты қандай нәтиже берерін уақыт көрсетеді…
Қ.ӨМІРЗАҚ.