САУРАННЫҢ ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТҚА ШЫҒУДА

Шағын және орта бизнес ел экономикасын өрге сүйреп қана қоймайды, жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына да мұрындық болады. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан кәсіп бастаушыларға жасалып жатқан игі бастамалар аз емес. Өз кезегінде, бизнес саласына келіп, табысын тауып жатқандар да бар. Газетіміздің осы санында жаңа цех ашып, өнімдерін шетелге шығарып жатқан кәсіпкер жайында жазуды жөн санап отырмыз.

Сауран ауданы Иассы ауылдық округінде «Sem Brand» жиһаз цехы іске қосылды. 3000 шаршы метр аумақты алып жатқан өндірістік цех заманауи технологиямен толықтай қамтамасыз етілген. Жылына 80 мың орындық, 15 мың үстел шығаруға қауқарлы. Кәсіпкерлік нысанға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков барып, ұжым атқарып жатқан қыруар істі өз көзімен көріп қайтты.
«Біз шетелдегі көрмелерге жиі барамыз. Мамандарымызды тәжірибе алмасуға шетелдегі түрлі ірі кәсіпорындарға жібереміз. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Мамандарымыздың шеберлігі өнімдеріміздің сапалы болуы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда өнімдерді еліміздің көптеген қалаларымен қоса Қырғызстанға да экспортқа шығарып жатырмыз»,- деді цех директоры Бабыр Шереханұлы.
Жиһаз цехы Түркия, Қытай және Ресей елдерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Шетелдік соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған өндіріс орнында болашақта 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады.