ҚАЗАҚСТАНҒА СЫРТТАН ТАСЫМАЛДАНАТЫН ТАУАРЛАРҒА ГЕОСАЯСИ АХУАЛ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
Әлемдік саясаттағы шиеленіс қоғам өміріне де әсер етіп жатыр. Ас-ауқатты былай қойғанда импортқа тәуелді тауарлар да қымбаттап барады. Жақында ғана қоғамда көтерілген қант мәселесінің өзі біраз түйткілдің бетін ашқан болатын. Бір ұшы делдалдықпен байланысты екенін де жаздық. Енді тұрмыстық техника, химиялық заттар бағасы да шарықтауы мүмкін. Сырттан келетін тауарларға геосаяси жағдай әсер ете ме?
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Елікбаев «Геосаяси жағдайға байланысты тауар тасымалдау мен жеткізуде өзгеріс болып жатыр. Яғни сырттан келетін тауарлардың түпкілікті құны, көлемі және жеткізу бойынша өзгерістер байқалып отыр. Бүгінде көрші елдерде тұтыну тауарлары, химиялық заттар мен жабдықтар жетіспеушілігі бар. Сондықтан кәсіпкерлер маршруттардың өзгеретінін айтып жатыр. Кәсіпкерлер бұған дейін тауарларды Ресейден сатып алса, ендігі уақытта Батыс және басқа да елдерден әкелуге мәжбүр» деді бұқаралық ақпарат құралдарымен бірге өткен брифингте.
Бұдан бөлек комитет басшысының орынбасары логистика саласына да соңғы жағдайлардың әсер еткенін айтты. Бұл импорттық тауарлар бағасының өсетінін білдіреді. Көрші елден келетін тауардың тасымал құны мен батыстың бағасы екі бөлек. Қала берді солтүстіктегі көршіміз бірқатар тауар түрлерін шекарадан шығаруға тыйым салып тастады. Талай тауар кеденде қолға түсіп, кері қайтып жатыр. Енді өзімізде шықпайтын өнімдер қат тауарға айналуы мүмкін. Әйтсе де бұл мүлде келмейді деген сөз емес. Бастысы ажиотаж болып, баға аспандамаса игі.