ТЕГІН ІРІМШІКТІҢ ТЕК ҚАҚПАНДА БОЛАТЫНЫН ТҮСІНБЕЙТІНДЕР ӘЛІ КӨП

Қазақстанда 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болып жүр. Ішпей-жемей бар ақшасын қаржы пирамидаларына тапсырған олардың бәрі қазір тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын тым кеш түсінгеніне сан соғып жүр. Оңай жолмен олжаға кенелген қаржы пирамидалары болса осы 31 мыңнан астам азаматтың арқасында 54 млрд теңгені қалталарына басқан.

Естеріңізде болса газетіміздің өткен сандарында жарияланған «АЛДАНҒАН ЕМЕС, АЛДАҒАН КІНӘЛІ. Неге билік алдымен қаржылық ұйымды емес, халықты қинайды?» атты мақалада біз «Гарант 24 ломбардқа» алданған бір топ шымкенттік тұрғынның жанайқайын жазған болатынбыз. Сол кезде олар қалтамыздағы соңғы тиынды «Гарант 24-ке» санап беруімізге жұлдыздардың жарнама жасауы зор ықпал еткенін айтқанын да келтіре кеткен едік. Тиісті мамандар да қаржы пирамидаларының қозғамай отырған ақшаңыздың үстіне ақша қосып береміз деген тәтті өтірігіне құлай сенуіне көк жәшік пен желі беттерінен түспейтін жұлдыздардың жарнамасы көп ықпалын тигізетінін алға тартып отыр. Мұндай жылымық бола берсе, соңы жақсы болмасын билік енді түсінгендей.
Жуырда ішкі істер органдары Бас прокуратураға қаржы пирамидаларын жарнамалайтындарға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы ұсыныс жолдапты. Қадағалаушы орган бұл ұсынысқа қатысты қандай шешім щығаратыны әлі белгісіз. Белгілісі былтырдың өзінде ішкі істер органдары елімізде 180-нен астам қаржы пирамидаларының жұмысын тоқтатыпты. Бұл қаржы пирамидалары үшін жылымық кезең кілт тоқтағанмен, олардың бас ұйымдастырушыларының мұртын балта шаппайтыны бек мүмкін. Ішкі істер органы қазірдің өзінде қаржы ұйымдарының бас ұйымдастырушыларының шетелдіктер екенін алға тартуы – соның жарқын мысалы. Айран ішкендер құтылғанмен шелек жалағандар тұтылып отырғанын да айту керек. Былтыр қаржы пирамидаларына қатысы бар деген күдікпен 126 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде оның 38-і сотталған. Қалғандарына қатысты сот талқылауы әлі жүруде.
Бұл туралы ақпараттар қанша айтылып, мәселе талай көтерілсе де, жеңіл ақша табуға шақырған алаяқтарға сенетіндердің саны азааймай отыр.
Мысалы, осы аптада Түркістан облысы криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев инстаграм желісі арқылы азаматтарды алдаған ер адамның ұсталғанын хабарлады. Әккі азамат желіге шығып, егер 25 мың аударсаңыз, ол бірер күннің ішінде өзіңізге екі-үш есе артық болып қайтарылады деп құрғақ уәде берген. Ақша аударымы үшін каспи голд карточкасына тіркелген нөмірін де ұсынған. Кісі ақысын жеуге құныққан ер азаматтың енді қазіргі таңда алаяқтық бабы бойынша қозғалған жүздеген қылмыстық іске қатысы бар не жоқ екені анықталатын болады.
Елімізде алаяқтыққа барғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Тиісінше мүлкі де тәркіленеді. Жаза қатал болғанмен нар тәуекелге барып, халықты тақырға отырғызатындардың қарасы азаймай отыр. Тіпті олар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап бара жатқан сыңайды. Мысалы, кешегі аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының атын жамылып азаматтарды несие рәсімдеуге үгіттеп жатқандар бар екені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы шағыммен жүздеген азаматтар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласқан. Олардың сөзінше қордың атынан сөйлеген сужұқпастар қордың ресми сайтын пайдаланған. Сайтта азаматтар сауалнаманы толтырғаннан соң экранда өтініш сәтті қабылданғаны туралы жазу шығып, артынша жалған сайттың сілтемесін шығарып, батырманы басуға бағыттаған. Сол жерде оларға аудио немесе бейнеқоңырау шалып, несие рәсімдеуге шақырған. Тіпті 1414 нөмірінен смс арқылы осындай хабарлама алғандар да бар. Олардың қордың ресми сайты мен азаматтар туралы ақпаратқа қалай жол тапқаны да үлкен сұрақ туғызады. Ал «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов болса қор азаматтарға ешқандай аудио, бейнеқоңырау шалмайтынын ескертеді. Десе де олар қауіпсіздікті күшейту шаралары қарастырылатынын алға тартады.