ҚАҢТАР ҚАСІРЕТІ

Жыл басындағы қаңтар оқиғасы туралы газетіміздің өткен санында бірнеше сараптамалық мақалалар жариялаған болатынбыз. Дегенмен де салдары сан жұртты сан соқтырған бұл қырғын туралы жазар әлі түгесілмейді. Себебі оқиғаның әлі де тарқатылмай жатқан тұстары, айтылмай жатқан ақиқаты, көрсетілмеген көріністері өте көп… Қаншама адам жақыным жазықсыз абақтыда отыр, қапыда күштік құрылымдардың қолынан қаза тапты деп қайғырып отыр. Ал арнаулы орган өкілдері болса тек жазықтылар, күдіктілер қамауға алынғанын алға тартып, нақты сандеректер ұсынуда. Бұл мәселе туралы алдағы уақытта тарқатып жазатын боламыз. Ал әзірге елде болған қаңтар оқиғасы туралы ресми деректердің бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Жаңаөзендіктерді
60 қаланың халқы
қолдаған

Жылдың басында, дәлірегі 2-қаңтарда Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында елімізде газ бағасының қымбаттауына байланысты бейбіт сипатта наразылық шеруі басталғаны белгілі. Қаңтар оқиғасының бұрқ-сарқ қайнауына себепкер болған осы шеруді бастапқыда еліміздегі 60 қала мен 26 ауыл халқы қолдаған.
Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жазады.
Оның сөзінше, наразылық акциясы Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Тараз, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Өскемен, Петропавл, Екібастұз, Павлодар, Құлсары, Ақсай, Форт-Шевченко, Қаскелең, Арал, Талдықорған, Мерке, Жетісай, Аягөз, Балқаш, Арыс, Есік, Арқалық, Қандыағаш, Қазалы, Хромтау, Сарыағаш, Шардара, Ерейментау, Маңғыстау, Шу, Шалқар, Жаңақорған қалаларында болған.
Сонымен қатар шеру Қаражанбас, Теңіз, Мақаншы, Бейнеу, Ақшұкыр, Қармақшы, Оңды, Жаңақала, Жетібай, Шиелі, Қаламқас, Шетпе, Индер, Кұрық, Шелек, Сексеуіл, Ақжар, Қарсақпай, Колоска, Баянауыл, Индербор, Қарқаралы, Торғай, Мақат, Қаратұрық, Кеңқияқ елдімекендерінде өткен.

Қандай мобильді
қосымша көп
қолданылды?

Finprom.kz сайты 11-қаңтарға дейін ең көп сұранысқа ие болған мобильді қосымшаларды атап өтті. Дәл сол уақытқа дейін қалың халық қаңтар қасіретін тартқан еді. Сонымен ТОП-5 қосымшаларда «Secure VPN – қауіпсіз, жылдам»; «Thunder VPN: жылдамырақ VPN»; «VPN прокси шебері — жылдамырақ Vpn»; «Video Downloader, Download Video»; «X-VPN – Private Browser VPN» болған.
Көрсетілген қосымшалар әлеуметтік желілерге кіруге, бұғаттауды айналып өтіп, мессенджерлерді қолдану үшін қолданылады. Бірақ белгіленген төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін (19-қаңтардан кейін) ең көп қолдану бойынша «ZOOM Cloud Meetings» («бизнес» санатында); «MOON – Current Moon Phase («ауа райы»)»; «Telegram»; ҚР электрондық үкіметінің «eGov mobile» қосымшасы; «Triple A» («ойын-сауық») сынды қосымшаларды пайдалану алдыңғы қатарға шыққан.
Банкоматтардан
507 млн теңге ұрланды

Елімізде өткен жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша 12,5 мың банкомат болған. Ұлттық банк келтірген бұл дерек бойынша банкоматтардың басым бөлігі немесе 2,4 мыңы Алматы қаласында орнатылған. Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы мен Қарағанды, Түркістан облыстарында 1 мың дана банкомат бар. Бірақ жыл басындағы қаңтар оқиғасы салдарынан банкоматтардың саны айтарлықтай азайып, 10,1 мың дана болған.
Банкоматтардың бұзақылардың қолымен бүлінуінен 1,6 млрд теңге шығын келген. Залал келтірілген қаражат құрылғыларынан морадерлар 507 млн теңгені қолды еткен.
Қаңтар оқиғасы кезінде қираған банкоматтардың көбі дәлірегі 1 мыңы Алматы қаласына тиесілі. Бүлінген мың банкоматтың көбі үш банкке тиесілі. Олар – Halyk Bank, Kaspi Bank және Forte Bank.

Қозғалған қылмыстық
істердің 70 пайызы
ұрлыққа қатысты

Қаңтар оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық істердің 70 пайызы немесе 1 356 іс ұрлыққа қатысты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.
Ведомства өкілі ұрлық пен тонау дерегі бойынша 274 адам уақытша ұстау абақтысына тоғытылғанын жеткізді. Күдікті ретінде ұсталғандардың кінәсі тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желідегі роликтермен, күдіктілерге тиесілі ұялы телефондардан табылған деректермен дәлелденеді.
Осы деректі алға тартқан Санжар Әділов қаңтардағы қырғын кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1466 әртүрлі ғимаратқа шабуыл жасалғанын, оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12-сі әкімшілік ғимарат пен 27 полиция нысаны екенін атап өтті. Тәртіпсіздік кезінде ең көп залал бизнес нысандарына келіп, 1395 бизнес нысан тоналған. Одан өзге 700-ден аса көлік бүлінген. Оның 500-ден астамы полиция, қорғаныс, төтенше жағдай министрліктері, жедел жәрдем және өзге де органдардың қызметтік көліктері болып табылады.
Сондай-ақ 7 аңшылық дүкеніне шабуыл жасалып, 1564 қару ұрланған.
Айта кетейік, осыған дейін (19-қаңтарда) Денсаулық сақтау министрлігі елдегі тәртіпсіздіктер салдарынан қайтыс болғандардың саны 227 адамға жеткенін хабарлаған болатын. Содан бері бұл дерек жаңармады. Қаза болған адамдардың толық тізімі жарияланбады.

Қарулар тәркіленіп
жатыр

Жоғарыда қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстардың 70 пайызы ұрлыққа қатысты іс екені айтылды.
ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов елдегі тәртіпсіздік кезінде қару ұрлаған адамдардың саны 100-ге жеткенін хабарлады. Олардың барлығы қазіргі таңда қамауда отыр.
Жалпы қаңтар оқиғасына байланысты республика аумағында жүргізілген антитеррорлық шара кезінде 515 қару тәркіленген. Бұл туралы Санжар Әділов «Оның ішінде 75 автомат, 133 тапанша, 2 пулемет, 47 ойық ұңғылы атыс қаруы, 103 тегіс ұңғылы қару, 100-ден аса граната, 9 мыңнан аса оқ-дәрі бар. Қару ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қаруды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды», — дейді.
Сонымен қатар ол «Барлық адам қару ұрлауға қатысы болмауы мүмкін екенін ескере отырып, қаруды тауып алған азаматтарды ерікті түрде оны тапсыруға шақырамыз», — деді.
Әкімшілік іс бойынша қамауда 63 адам отыр.
Мемлекет басшысы лаңкестік актілердің себептерін және ұйымдастырушыларды анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырғаны белгілі.
Аптаның сейсенбісінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов бүгінге дейін қаңтар оқиғасына қатысты соттар 9257 әкімшілік істі қарағанын мәлімдеді. Елде болған бұл оқиға кезінде 3314 адам қамауға алынған. Қаралған әкімшілік істердің жартысына жуығы ешқандай жаза қолданылмай қаралды. Сот 4 584 адамға ескерту жасаған. Бүгінде прокурорлардың өтініштері бойынша қамаудан 1 149 адам босатылған. Тағы 577 іс бойынша айыппұл ескертуге ауыстырылған. Одан өзге 393 қылмыстық істе қылмыстың құрамы болмауына байланысты толық тоқтатылған. Осылайша, сотпен әкімшілік қамауға алынған 3 314 адамның бүгінде тек 63-і қамауда отыр.

Қаңтар оқиғасына қатысты
қомиссия құрылды

Осы аптада адвокат Абзал Құспанның бастамасымен құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясы өз жұмысын бастады. Аталған комиссия қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істермен айналысатын болады. Бұл туралы қорғаушы «Түрлі органдармен ұзақ сөйлесуден кейін ортақ бір келісімге келдік. Біз, адвокаттардан құралатын комиссия тек қана қылмыстық істермен айналысатын болдық. Оның ішінде ауруханада ем алып жатқан жерінен белгісіз, маска киген адамдар алып кетіп, іс қозғаған делінетін істер де бар», -дейді.
Бұған дейін заңгер Абзал Құспан қаңтар оқиғасына байланысты істерді зерттеуге комиссия құру туралы бастамасын Ақорда екі сөзге келмей қолдағанын жазған болатын.
Одан өзге осы аптада қаңтар оқиғасымен айналысатын тағы бір қоғамдық комиссия құрылды. Оны құқық қорғаушы Айман Омарова басқаратын болады. Комиссия қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ең көп зардап шеккен алматылықтардың пікірін зерттеп, құқық қорғау органдарына түрлі өтініштер жолдайды.