МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК
Осы аптада Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Басқарма басшысының сөзінше биыл Түркістан қаласында пайдалануға берілген «Ұлы Дала Елі» орталығы, Түркістан музыкалық драма театры және «Farab» кітапханасы өңір руханиятына тың серпін берген. Сонымен қатар Түркістан қаласында «Түрленген, гүлденген – Түркістан» республикалық ақындар айтысы, джаз музыкасының танымал орындаушылары қатысқан «Turkistan Jazz Party I» фестивалі, «Тайқазан» ұлттық киім дизайнерлердің республикалық байқауы, «Түркістан дауысы» республикалық ән байқауының ұйымдастырылуы да саланың тынысын ашқан.
Ауыл жастарының шығармашылығын насихаттау мақсатында арнайы жоспар түзіліп, әр аудан, қалаларда облыстық байқаулар мен фестивалдер өткізілген. Олардың қатарында суретшілердің шығармашылығына қанат бітірген «Түркістаным – Тұраным» халықаралық түркі суретшілерінің симпозиумы да бар. Бүгінге дейін облыстық кәсіби 3 театрда 6 жаңа қойылым сахналанған.
Өз сөзінде Ә.Қойлыбаев «Жыл басынан бері облыстағы 24 музейде 6020 экскурсия, 520 көрме, 528 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Бүгінде 5 мыңдай жаңа экспонат жинақталып, жалпы қор 178927 данаға жетті. Облыстағы 395 кітапхана 361354 дана жаңа кітаппен толықтырылды»,- деді.
Облыс әкімі басқарма басшысына өңірде оның ішінде Түркістан қаласында өтетін әрбір мәдени іс-шаралардың сапасы мен мазмұны халықаралық талап деңгейіне сай болуы керектігін қадап айтты