ЕМХАНАҒА ЕКІ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ТІРКЕЛДІ
Осы жылдың 15-қыркүйегінен бастап елімізде емханаға тіркелу науқаны басталған болатын. Бүгінде өңірлерде екі айға жалғасқан науқанның нәтижелері жариялануда.
Түркістан облысында ағымдағы жылдың 17-қарашасындағы жағдай бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына бекітілген тұрғындар саны 1 999 929 адамға жеткен. Емханаға тіркелгендердің басым көпшілігі дәлірегі, 1 641 199 адам ауыл тұрғындары. Науқанға облыс бойынша 46 медициналық ұйым қатысты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова хабарлады.
Филиал өкілі белгілі бір аумақта тұрақты тұратын және тиісті құжаттарды алған шетелдік азаматтар емханаға тіркеле алатынын айтты. Сондай-ақ ол, Қазақстан Республикасы «Көші-қон туралы» Заңы бойынша Қазақстан аумағында жұмыс істейтін Ресей, Белорусь, Қырғызстан және Армения мемлекеті азаматтарын алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына бекіту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек алу үшін тиісті медициналық сақтандыру шарты болуы тиістігін ескертті.
Бұдан бөлек ол, шетелдіктер аса қауіпті инфекциялар бойынша емделген жағдайда кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қажетті медициналық көмекті алатынын айтты.
Егер медициналық ұйымдарға қатысты қосымша сұрақтар болса, жақын аймақтағы емхананың анықтама қызметіне немесе қордың fms.kz ресми сайтына, 1406 байланыс орталығына, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына өтініш қалдыруға болады.
С.ИБРАГИМОВА