Елді мекенде ойын алаңы ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді мекенінде балалар ойын алаңымен кіші футбол алаңы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Салыхан Полатов, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Салыхан Полатов құттықтау сөз сөйледі. Ол «Бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз осы бағытта аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқардық. Жыл басынан бері бірнеше спорт алаңшалары мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Осындай игі іске ұйытқы болып отырған «Катко» қазақ француз біріккен кәсіпорнына айтар алғысымыз шексіз. Өскін ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, тәнін шынықтыратын орынға айналады деп сенеміз», — деді.
Сондай-ақ ауыл ақсақалы Молдабеков Тоқтарбай ақ тілегін арнап, батасын берді.
Айта кету керек, Созақ ауданы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауылдық округ елді мекендерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңын салды. Енді міне, «Катко» қазақ француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен Шолаққорған ауылына қарасты Балдысу елді мекенінде футбол және балалар ойын алаңы салынып, елдің игілігіне берілді. Футбол және балалар ойын алаңының жалпы аумағы 1800 шаршы метр.