БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫ ТИІСТІ ТАЛАПТЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҚПАҒАН
Қазақстанда соңғы үш жылда байланыс операторларының қызмет сапасына қатысты 578 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде сапасыз қызмет үшін байланыс операторларына барлығы 133,9 млн теңге айыппұл салынған. Ең көп айыппұл осы жылдың еншісінде. Ағымдағы жылдың 10 айында осы бағыттағы қызмет сапасын бақылау үшін 434 тексеріс жүргізіліп, 99,1 млн теңгеге айыппұл салынған.
Биыл сапасыз салынған айыппұлдардың алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп болуын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Мен осы жылдың басында өз бұйрығыммен ең төменгі параметрлерді белгіледім. Ол 3G үшін – 1,5 мегабит, 4G үшін – 5 мегабит болды. Бұрын тексеру жүргізгенде 3G болса, интернет бар деп есептелетін. Ал қазір осы параметрлерге сай келе ме, осыны бақылаймыз»,-деп түсіндірді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.
Аталған ведомстваның баспасөз қызметкері Мақсат Төлегенов отандық БАҚ-қа берген мәлімдемесінде 250+ жобасы бойынша, яғни 250-ден астам тұрғыны бар 900-ден астам ауылға интернет жеткізілгенін, енді -250 жобасын қолға алу қаралып жатқанын айтты.
Министрліктің жергілікті тұрғыны 250 адамнан аз ауылға интернет жеткізу туралы жоспары сәтті жүзеге асады ма? Себебі қазіргі таңда шалғайдағы ауыл-аумақты айтпағанда, тіршілігі құж-құж қайнаған қалалар мен миллионнан аса тұрғыны бар мегаполистің өзінде ғаламтор сигналы әлсіз екені ешкімге жасырын емес.
Қ. ҚАЛИЕВ.