РАҚЫМШЫЛЫҚҚА ІЛІККЕНДЕР ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСАДЫ
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықтан нақты қанша сотталушының түрмеден шығатыны белгілі болды.
Еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжілістің жалпы отырысында рақымшылық жасау туралы заң жобасын таныстырды. Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Ведомства басшысы бұл жолғы рақымшылық кезінде аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандардың кейбірі жазадан босатылса, кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жаза мерзімі қысқаратынын айтты.
Ол жоба бойынша 2 236 сотталушы, пробациялық бақылауда тұрған 11310 адам рақымшылыққа ілігетінін мәлімдеді. Нәтижесінде 1 мың адам абақтыдан шығып, шартты түрде жазасын өтеп жүрген 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Сондай-ақ 1294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 64 түзеу мекемесі мен 16 тергеу изоляторында отыз төрт мың адам бар. Оның отыз мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда отыр. Одан өзге 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
Мәжіліс отырысы кезінде депутат Әмірхан Рахымжанов заң жобасын таныстырған министр Ерлан Тұрғымбаевқа «рақымшылықтан соң елде қылмыс саны өсіп кетпей ме?» деген сұрақ қойды. Ал Ерлан Тұрғымбаев болса рақымшылықтың арқасында бостандық дәмін татқан азаматтардың барлығы пробациядағы қызметкерлер, учаскелік инспекторлардың бақылауында болатынын айта келе, «олардың барлығы жұмысқа орналасады. Тәртіпке бағынбаса заң талаптарына сәйкес жауапқа тартамыз»,-деп жауап берді.
Қазіргі таңда елімізде бейбіт жүрген азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай жүргенде, жазасын өтеп шыққандардың барлығына жұмыс табыла қояды дегенге сену де қиын.
Д. АМАНҒАЛИ.