ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАЖЕТТІ КӨМІР 724 МЫҢ ТОННА. Ал өңірге жеткізілгені 347 мың тонна
Бүгіннен бастап Түркістан облысында жылыту маусымы басталды. Ауа-райына байланысты облыстың Түлкібас, Сайрам, Бәйдібек аудандарында жылыту маусымы 6-қазанда басталған. Енді қалған аудандар мен қалалардағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін көпқабатты тұрғын үйлерге жылу жеткізу 15-қазаннан басталып, 1-қарашаға дейін жалғасады.
Бұл туралы Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров мәлімдеді.
Басқарма өкілі облысты көмірмен қамту көрсеткіші 53 пайызды құрап отырғанын жеткізді. Жалпы өңірдің қатты отынға деген қажеттілігі 966,6 мың тоннаны құраса, бүгінге дейін 517 мың тонна өнім тасымалданған. Атап айтқанда, бюджеттік мекемелердің көмір отынына қажеттілігі 142,8 мың тонна болса, оның бәрі толық тасымалданған. Ал орталықтандырылған жылу беретін кәсіпорындардың көмірге қажеттілігі 99,3 мың тонна болса, тасымалданғаны 27,4 мың тоннаны (28%) құрап отыр. Сондай-ақ облыс тұрғындарының көмірге қажеттілігі 724,4 мың тонна болса, тасымалданғаны 347 мың тонна немесе 48% құрап отыр.
Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше, өңірге қажетті қалған көмір өнімі жылыту маусымы басталғанға дейін жеткізіледі.
Бүгінде облыс көлемінде 24 көмір тасымалдайтын орын бар. Тұрғындар үшін темір жол тұйығы бар елдімекендерде 1 тонна Шұбаркөл көмірінің бағасы 14500-18500 теңге аралығында. Ал темір жол тұйығы жоқ елді-мекендерде қатты отынның бір тоннасы 18500 — 22000 теңге аралығында босатылуда. Өткен жылмен салыстырғанда биыл көмір бағасы 3500 теңгеге дейін қымбаттаған.