ТІРШІЛІК КӨЗІМЕН ҚАМТУ АЛДАҒЫ БЕС ЖЫЛДА ТҮПКІЛІКТІ ШЕШІЛЕДІ
Осы аптада Түркістан облысы мәслихатының кезекті ХІ сессиясы өткізілді. Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі инфрақұрылым жұмыстарының барысын баяндады.
Түркістан облысында 171 ауылдық округке біріктірілген 900-ден астам ауыл бар. Облыстағы елді мекендердің бірқатарында ауыз су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Алдағы бес жылда елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі түпкілікті шешіледі.
Осы мақсатта биыл облыста 6 нысанда сумен жабдықтау жұмыстары жүргізіледі. Тиісті құрылыс жұмыстары үшін бюджеттен жалпы 12,7 млрд. теңге бөлінген.
Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 710-ға жетіп, өңір тұрғындарын тіршілік көзімен қамту көрсеткіші 93,3% жететін болады.
Ауыл тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында Қазығұрт ауданындағы Өгем өзенінде каскадты ГЭС-пен бірге су құбырының құрылысы жобасы іске асырылады. Жоба құны — 130 млрд.теңге. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдар аралығын қамтиды. Құрылыс барысында 500 жұмыс орны ашылады. Бюджет қаржысы есебінен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Аталған жоба іске қосылғанда облыстың оңтүстік аймақтарындағы 1 млн. адам ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Одан өзге, осы жылы өңірде 100-ге жуық табиғи газ нысанының құрылысы жүргізілді. Бұл үшін бюджеттен 14,4 млрд. теңге бағытталған. Осы жылы аталған нысандардың ішінде 13 нысанның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны 444-ке жетеді.
Жалпы 2025 жылға дейін облыстың газбен қамту деңгейін 85,4% жеткізу немесе 722 елді мекенге қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сондай-ақ биыл елді мекендерді сапалы жарықпен қамтамасыз ету бағытында 58 нысанда тиісті құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта бюджеттен 9,1 млрд.теңге бөлінді. Жыл қорытындысымен 16 елді мекен немесе 23 500 тұрғын сапалы жарықпен қамтылатын болады.
Бүгінде өңірде «Қызыләскер» қосалқы станция мен әуе желілерінің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан іске қосылса, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында мекендейтін 700 мыңнан астам халық сапалы электр қуатын тұтынатын болады.
Өңірде жарық мәселесі жыр болмас үшін, Түркістан қаласында 220 кВ «Орталық», 110 кв «Солтүстік» қосалқы станциялары мен оны жалғайтын әуе желілері, Ордабасы ауданында 220 кВ «Бадам» қосалқы станциясының құрылысы басталған. Құрылыс жұмыстары 2022-2023 жылдары аяқталады.
Ағымдағы жылы автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 35,2 млрд. теңге бөлінген. Соған сәйкес барлығы 621 нысанда немесе 1,7 мың шақырым жолда жол-құрылыс жұмыстары басталған. Жыл қорытындысымен 553 нысан немесе 1,1 мың шақырым жол пайдалануға беріледі. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87% жетеді деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 79 пайыз болған.