ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАСЫЛ БЕЛДЕУІ ЖАЙҚАЛЫП КЕЛЕДІ
Түркістанның экологиялық ахуалын жақсарту үшін 2019 жылы қала айналасынан 7700 гектар жерде жасыл «аймақ» құрылған болатын. Қала айналасының ажарына ажар қосатын 7700 гектар аумақтағы жасыл белдеуде 11,5 млн. жапырақты ағаш көшеттері отырғызылған.
Таза климаттың қалыптасып, сақталуына зор ықпал беретін жасыл «аймақтың» аумағындағы 3020 гектар жер теліміне 9 млн дана сексеуіл көшеттері отырғызылған. Одан өзге тағы 2500 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілген. Осылайша қаланың жасыл белдеу аумағы сексеуіл ормандарын қоса есептегенде екі есеге ұлғайып, 13220 гектарға жеткен.
Жасыл белдеудегі көшеттердің жерсінуінде маңызды фактор болып табылатын суару жүйесі де әртүрлі жүргізіледі. Мысалы, жаңа әуежай жолының бойындағы 268 га жер теліміне отырғызылған көшеттерге тамшылатып суару жүйесі бойынша күтім жасалса, қалған учаскелерге отырғызылған ағаш көшеттердің 63 % ұңғымалардан, 25% каналдармен, 12% насостар арқылы суарылады.
Арнайы жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жасыл белдеуге (7700 гектар) отырғызылған мәдени екпелердің өнімділігі 51,2 пайызды құрап отыр.