БИЫЛ 25 МЫҢНАН АСА ТҰРҒЫН САПАЛЫ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкентте 81 елді мекен бар. Оның 69-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған 5 елді мекен тұрғындарына су шекті көлемде жеткізілсе, 7 елді мекен тасымал суды тұтынуға мәжбүр. Осы мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда 11 елдімекенде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Соған сәйкес, осы жылы 9 елдімекенде құрылыс жұмысы аяқталып, 25 мыңнан астам қала тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Нәтижесінде, халықтың сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 95,6%-дан 98 пайызға артады.

Ауыз су мәселесі түпкілікті шешілетін елді мекен қатарында «Нұртас» шағын ауданы да бар.
Қаратау ауданына қарасты «Нұртас» шағын ауданындағы жаңа құрылыс аумағын ауыз сумен қамту жұмысы осы жылдың маусым айынан басталған.
Мердігер мекеме «Turan Energo Group» ЖШС тарапынан жүргізілген құрылыс жұмыстарының бүгінде 45 пайызы аяқталды. Жоба бойынша ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырының бүгінде 18,36 шақырымы орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары қараша айында толығымен аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде «Нұртас» шағын ауданындағы 2500 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.