1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫ 500 АДАМҒА БЕРІЛЕДІ

Бүгінге дейін бұл әлеуметтік көмекті 73 азамат иеленді

Ағымдағы жылдың маусым айында Шымкентте мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттарын алуға өтінім қабылдау басталған болатын. Бұл бағытта бюджеттен бөлінген қаржы 500 млн теңгені құрайды.

Бүгінге дейін (27-тамыз) қалада бастапқы жарнаға көмек ретінде берілетін тұрғын үй сертификатын алуға 458 азаматтан өтінім келіп түскен. Оның ішінде 73 азамат тұрғын үй сертификатының иегері атанды. Осыған сәйкес ол азаматтардың жеке есеп шоттарына 1 миллион теңгеден аударылды. Ал 314 өтінімнен тұрғын үй сертификатын берудің талаптарына сәйкес болмауына байланысты бас тартылған.
Мамандар бас тартулардың басым көпшілігінің себебін талаптарға сәйкес қажет құжаттардың толық әрі анық ұсынылмауымен, сондай-ақ тұрғын үй сертификатының шарттарына сай келмейтінімен байланыстырады. Қалған азаматтардың өтінімдері сала мамандарының қарауында.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылатын әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Қатысуға ниет білдірген азамат соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.
Тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдайтын kezekte.kz интернет ресурсы 500 азаматқа қарастырылған қаржы толығымен игерілгенге дейін тәулік бойы ашық болады. Келіп түскен өтінімдер басқарма тарапынан үш жұмыс күні ішінде қаралады. Нәтижесі бойынша «egov» электронды үкімет порталы арқылы хабарлама жіберіледі. Егер өтінім мақұлданса үш жұмыс күні ішінде ипотекалық жеке шотына қаржы жіберілетін болады. Өтінімдер тек қана онлайн қабылданады.